Тележүргізуші Динара Сәтжан өзіне және бірқатар танымал тұлғаға жала жапқан Бағдагүл Лепесоваға қатысты тағы да сөз қозғады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Сізге әлеуметтік желіде жала жапты ма, үндемеңіз, ұрсыспаңыз, жауап жазып, дауласып, уақыт кетірмеңіз! Заңға сүйеніңіз!
Бірнеше ай бұрын Бағдагүл Баянға, маған және бірқатар танымал адамдарға қатысты былапыт сөз айтып, ауыр айыптар таққан болатын. Дауласпадық, әлеуметтік желіде оны желіктіріп, кері реакция жасамадық, біз тек сотқа бердік! Кеше Баян екеуіміз сотта жеңіске жеттік.
Сот оған 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл қаржыны ол бізге емес, мемлекетке төлейді.
Келесі жолы тағы да осындай әрекеттерін қайталаса, оны әкімшілік қамауға алу жазасы да тағайындалуы мүмкін. Адам басқа біреудің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтқанда, әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы керек», – деді ол.
Динара Сәтжан алда қорлау фактісі бойынша тағы бір сот отырысы өтетінін жеткізді.
«Ертең менде тағы бір сот отырысы бар. Бұл жолы қорлау фактісі бойынша.
Сөз бостандығы – аузыңа келгенді айту емес! Сөз бостандығы – өз сөзіңе жауапкершілік ала білу.
Осы істі жүргізген адвокатым Рена Керимоваға кәсібилігі, сабырлығы үшін алғыс айтамын.
Ақтөбедегі судьяға да ерекше алғысымды білдіремін. Рена Керимованың айтуынша, кеше сот процесі өте кәсіби деңгейде, нақты әрі жүйелі түрде өткен.
Қазақта бір сөз бар: «Өз үйім деме, үй артында кісі бар». Тағы да айтамын, өз парақшам, өз эфирім деме, сені бақылап отырған кісі бар», – деп жазды Динара Сәтжан.