Павлодар облысында бірнеше жыл бойы өз өгей қыздарына зорлық-зомбылық көрсеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты. MADENIPORTAL.KZ сайтына сүйінсек, ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Ирбис TV»-нің дерегінше, бұл іс жабық сот отырысында қаралған. Тергеу нәтижесінде 2015-2017 жылдар аралығында ер адамның мас күйде 2001, 2003, 2006 және 2010 жылы туған төрт өгей қызын бірнеше мәрте зорлағаны анықталған. Сот оның әрбір қылмысы дәлелденгенін мәлімдеді.
Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев үкімді оқыды:
– ҚР Қылмыстық кодексінің 2017 жылғы 11 шілдедегі редакциясындағы 120-бабы, 4-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылсын.
Айыпталушы 2024 жылдың қараша айында қамауға алынған. Тергеу кезінде екі қызға зорлық жасағанын мойындағанымен, сот отырысында өз сөзінен бас тартқан.
Сот шешімі зардап шеккендердің, куәгерлердің айғақтары мен жүргізілген сараптамалар қорытындысы негізінде шығарылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар, қылмыс біраз уақыт бұрын жасалғанымен, сол кезде қолданылған заң бойынша жаза жеңілдеу болғаны атап өтілді. Осыған байланысты сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасынан құтылды.