Экономика

«Орташа жалақы – 486 мың»: Халықтың қалтасы неге қампайып тұрмайды?

«Орташа жалақы – 486 мың»: Халықтың қалтасы неге қампайып тұрмайды?

2026 жылдың екінші тоқсанында жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыс 263,7 мың теңгеге жетіп, бір жылда 11,2%-ға артты. Дегенмен бағаның өсуін есепке алғанда нақты табыс небәрі 0,7% көбейген. Ал орташа жалақы өскенімен, оның сатып алу қабілеті керісінше төмендеді. Неліктен экономикалық өсім халықтың қалтасына бірден әсер етпейді және табысты арттыру үшін жалақыны жай ғана көтеру жеткілікті ме? Ozgeris.info тілшісі соңғы деректер мен сарапшылар пікіріне сүйеніп, мәселені саралап көрді.

 

Табыс 11% өсті, бірақ оның нақты өсімі – 0,7%

Ұлттық статистика бюросының соңғы дерегіне сәйкес, 2026 жылдың II тоқсанында Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыс айына 263 691 теңге болды. Былтыр осы кезеңде көрсеткіш 237 159 теңге болған. Яғни бір жылда табыс 11,2% өсті. Бірақ осы кезеңдегі тұтыну бағаларының 10,4% өскенін ескерсек, нақты ақшалай табыс небәрі 0,7% артқан.

Бұл жерде атаулы және нақты табыстың айырмасын ескерген жөн. Атаулы табыс – кез келген адамның теңгемен алған ақшасы. Ал нақты табыс сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынын көрсетеді. Сондықтан айлық немесе басқа кіріс көбейгенімен, баға соған жақын қарқынмен өссе, адамның нақты сатып алу мүмкіндігі айтарлықтай өзгермеуі мүмкін.

Оның үстіне бұл жағдай биыл ғана пайда болған жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы 238 070 теңге болып, атаулы мәнде 10,2% өскен. Бірақ инфляцияны есепке алғанда нақты табыс 1,1% төмендеген. Министрлік мұны экономикалық өсімнің халықтың әл-ауқатына әлі толық әсер етпей отырғанының бір көрінісі деп бағалаған.

Яғни 2025 жылы төмендеген нақты табыс биыл қайта оң көрсеткішке шықты. Бірақ II тоқсандағы 0,7% өсім әзірге айтарлықтай жоғары емес.

 

Орташа жалақы –  486 мың, медианалық жалақы – 348 мың теңге

Халық табысының негізгі бөлігі еңбекпен байланысты. Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, 2026 жылдың II тоқсанында жан басына шаққандағы атаулы табыстың 74,2%-ы жалдамалы жұмыстан түскен. Жеке қызметтен түсетін табыстың үлесі – 10,3%, әлеуметтік трансферттер – 10,3%, өзге ақшалай табыстар – 5,2%.

Сондықтан халықтың нақты әл-ауқаты туралы сөз болғанда жалақы көрсеткішіне назар аудару маңызды.

2026 жылдың II тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңгеге жетті. Бір жылда ол 8,4% өскен. Бірақ медианалық жалақы 348 415 теңгені құрады.

Екі көрсеткіштің айырмасы едәуір – шамамен 138 мың теңге. 

Орташа жалақы барлық қызметкердің жалақысын қосып, олардың санына бөлу арқылы есептеледі. Сондықтан жалақысы өте жоғары қызметкерлер жалпы көрсеткішті көтереді. Ал медианалық көрсеткіш қызметкерлерді жалақы көлеміне қарай тізгенде дәл ортасында тұрған адамның табысын көрсетеді. Осы себепті ол халықтың басым бөлігінің жалақы деңгейін түсінуге мүмкіндік беретін көрсеткіштердің бірі саналады.

Бұдан да маңыздысы – жалақының сатып алу қабілеті. II тоқсанда орташа айлық атаулы жалақы бір жылда 8,4% артқанымен, нақты жалақы индексі 98,2% болды. Демек бағаның өсуін есептегенде жалақының сатып алу қабілеті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 1,8% төмендеген.

Осы деректер «жалақы өсіп жатыр, бірақ оны неге сезінбейміз?» деген сұрақтың бір жауабын көрсетеді: табыс көбейгенімен, баға да қатар өсіп отыр.

 

Экономика өссе, халықтың қалтасы неге қампайып тұрмайды?

Бұл мәселе биыл Үкімет деңгейінде де арнайы талқыланды.

2026 жылғы 9 маусымда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Оған экономика және қаржы саласындағы 30-дан астам сарапшы қатысты. Жиында Экономикалық зерттеулер институты әзірлеген экономикалық өсім мен халықтың нақты табысының байланысына қатысты талдау ұсынылды.

Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Біржан Бәткеев азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін экономикалық өсімнің халық табысына әсер ететін негізгі тетіктерін күшейту қажеттігін айтты. Оның ішінде сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру және жалақы өсімін қамтамасыз ету бар.

Институт жүргізген талдау тағы бір маңызды мәселені көрсеткен. Жалақы деңгейі бойынша тау-кен өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар алда болғанымен, халықтың жалпы әл-ауқаты үшін белгілі бір сектордағы жоғары жалақының өзі жеткіліксіз. Ол секторлардың қанша тұрақты әрі сапалы жұмыс орнын ашатыны және экономиканың өзге салаларына қаншалықты серпін беретіні де маңызды.

Яғни жоғары жалақы төленетін саланың болуы мен бүкіл халықтың табысының өсуі – бір нәрсе емес.

 

ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі – шамамен 32%

Сол жиында Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов Қазақстан экономикасындағы тағы бір маңызды мәселеге назар аударған.

Оның айтуынша, Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы еңбекақы төлеу қорының үлесі шамамен 32%, ал дамыған елдерде 50-60%-ға дейін жетеді.

– Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы еңбекақы төлеу қорының үлесі шамамен 32% болса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-60%-ға жетеді. Өнімділіктің өсуінсіз жалақының өсуі сөзсіз инфляцияға әкеледі, – деді Ғалым Құсайынов 9 маусымда өткен Сараптамалық кеңес отырысында.

Сарапшы мәселенің шешімін жалақыны әкімшілік жолмен ғана көтеруден көрмейді. Ол агломерацияларды дамыту, жасанды интеллектті енгізу, кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыру және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту қажеттігін атап өтті.

Мұндағы негізгі мәселе – еңбек өнімділігі. Егер бір қызметкер бұрынғыдан көбірек өнім өндірсе немесе жоғары қосылған құн жасаса, кәсіпорынның оған көбірек жалақы төлеуге экономикалық мүмкіндігі артады.

Сол отырыста «АВЗ» ЖШС директоры Марат Баққұлов өз кәсіпорнындағы мысалды келтірді. Оның айтуынша, зауыттағы роботтандыру нәтижесінде бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігі екі жыл ішінде 27 миллион теңгеден 50 миллион теңгеге дейін өскен. Кәсіпорында біліктілігі төмен жұмыс орындарының орнына инженерлік мамандықтарға сұраныс артып, соған сәйкес жалақы деңгейі де өскен.

Бұл мысал жалақы өсімінің тұрақты болуы үшін оның артында өнімділік пен технологиялық өзгеріс тұруы керектігін көрсетеді.

 

Сыртқы фактор да халықтың табысына ықпал етеді

Халықтың табысы тек ел ішіндегі жалақы саясатына байланысты емес.

Сараптамалық кеңесте экономист, профессор Жақсыбек Құлекеев әлемдік экономикадағы сауда қайшылықтары, геосаяси тұрақсыздық, экспорттық логистикадағы шектеулер және Қазақстанның негізгі сауда серіктестеріндегі экономикалық белсенділіктің баяулауы елдегі әл-ауқатқа әсер ететінін айтқан.

Оның түсіндіруінше, мұндай факторлар алдымен экспорттық кіріске және бюджет түсіміне, одан кейін жалпы экономикалық динамикаға ықпал етеді.

Қазақстан сияқты сыртқы нарықпен тығыз байланысқан экономика үшін бұл маңызды. Экспорттық түсім азайса немесе негізгі сауда серіктестерінің экономикасы баяуласа, оның әсері кәсіпорындардың кірісінен бастап жұмыс орындары мен жалақыға дейін жетуі мүмкін.

 

Инфляция баяулады, бірақ баға өсуін тоқтатқан жоқ

Халық табысының сатып алу қабілетіне тікелей әсер ететін тағы бір фактор – инфляция.

Ұлттық статистика бюросының 1 қазанда жариялаған ең жаңа дерегіне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3% болды. Тамызда ол 9,8% еді. Яғни инфляцияның қарқыны баяулаған. Бірақ бұл баға арзандады дегенді білдірмейді.

Бір жылда азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%, ақылы қызметтер 8,9%, азық-түлік 8,5% қымбаттаған.

Осы жерде маңызды айырмашылық бар: инфляцияның төмендеуі – бағаның төмендеуі емес, оның өсу қарқынының баяулауы.

Сондықтан халықтың табысы 10-11% өссе де, күнделікті сатып алатын тауарлар мен қызметтердің бағасы соған жақын қарқынмен қымбаттаса, отбасы бюджетінде айтарлықтай өзгеріс сезілмеуі мүмкін.

 

Өңірлер арасындағы айырмашылық – 2,8 есе

Орташа республикалық көрсеткіштің артында өңірлер арасындағы үлкен айырмашылық та бар.

2026 жылдың II тоқсанында жан басына шаққандағы ең жоғары атаулы ақшалай табыс Алматы қаласында тіркелді – айына 427 584 теңге. Астанада – 365 451 теңге.

Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш 152 711 теңге, Шымкентте 169 512 теңге, Жамбыл облысында 179 360 теңге болды. Ең жоғары және ең төмен көрсеткіш арасындағы айырмашылық 2,8 есеге жетеді.

Бұдан бөлек, барлық өңірде атаулы табыстың өсуі нақты табыстың өсуіне айналмаған.

Мысалы, II тоқсанда Атырау облысында жан басына шаққандағы атаулы табыс 304 479 теңге болғанымен, нақты табыс индексі 88,2%-ды құрады. Ұлытау облысында – 91,5%, Маңғыстауда – 93,6%, Жетісуда – 93,8%. Ал Алматы қаласында нақты табыс бір жылда 4,7%, Шығыс Қазақстан облысында 3,3%, Қостанай облысында 3,1% өскен.

Демек республикалық деңгейдегі 0,7% өсім әр өңірдегі жағдайды толық көрсете алмайды.

 

Табыстың қаншасы күнделікті қажеттілікке кетеді?

Үй шаруашылықтарын зерттеу де халықтың қаржылық жағдайын басқа қырынан көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу нәтижесі бойынша 2026 жылдың II тоқсанында жан басына шаққандағы ақшалай табыс тоқсанына 410 088 теңге, ақшалай шығыс 358 584 теңге болған. Тұтынуға пайдаланылған табыс 362 900 теңгені құрады.

Бұл көрсеткішті жоғарыда айтылған айына 263 691 теңге атаулы ақшалай табыспен тікелей салыстыруға болмайды. Себебі екі статистиканың есептеу әдістемесі бөлек: біріншісі үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу арқылы, екіншісі макродеңгейдегі статистикалық және әкімшілік деректер негізінде есептеледі.

Дегенмен үй шаруашылықтарының шығыс құрылымы маңызды үрдісті көрсетеді. 2026 жылдың II тоқсанында ақшалай шығыстардың 50,5%-ы азық-түлік тауарларына жұмсалған.

Яғни көптеген отбасы бюджетінің елеулі бөлігі әлі де күнделікті негізгі қажеттілікке кетеді.

 

Кедейлік деңгейі – 5%

Ресми статистика бойынша 2026 жылдың II тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5% болды.

Ең төмен көрсеткіш Астанада тіркелген – 2,9%. Бұл көрсеткіш 12 мың үй шаруашылығын іріктеп зерттеу негізінде есептеледі.

Дегенмен кедейлік деңгейінің өзі халықтың әл-ауқатын толық сипаттамайды. Себебі ең төменгі күнкөріс деңгейінен сәл жоғары табыс алатын азамат ресми түрде кедей санатына кірмеуі мүмкін, бірақ баға өскен жағдайда оның отбасылық бюджетіне түсетін қысым жоғары болып қала береді.

Сондықтан халықтың жағдайын бағалағанда тек кедейлік көрсеткішіне емес, нақты табысқа, медианалық жалақыға, шығыс құрылымына және өңірлер арасындағы айырмашылыққа бірге қараған жөн.

 

Жалақыны жай ғана көтеру жеткілікті ме?

Үкімет те бұл мәселені тек жалақы көлемімен байланыстырып отырған жоқ.

9 маусымдағы Сараптамалық кеңестің қорытындысында Серік Жұманғарин халық табысын арттыру мәселесін тек жалақыны көтеру арқылы шешуге бірде-бір бюджет жетпейтінін айтты. Оның сөзінше, тұрақты экономикалық өсім, өндірісті дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту қажет.

Экономикалық зерттеулер институтының талдауы негізінде халықтың нақты табысын арттыруға арналған кешенді жоспар жобасы әзірленген. Онда жалақыны көтеру, сапалы жұмыс орындарын ашу, адами капиталды дамыту, инфляцияны төмендету, салық және әлеуметтік шаралар, сондай-ақ халықтың борыштық жүктемесін азайту сияқты алты бағыт бойынша 58 іс-шара қарастырылған.

Үкіметтің қазіргі межесі – халықтың нақты табысының 2-3%-дан жоғары өсімін қамтамасыз ету. Бұл үшін жалақыны арттырумен қатар сапалы жұмыс орындарын құру, борыштық жүктемені төмендету және кәсіпкерлікті ынталандыру көзделіп отыр.

Қазіргі статистика бұл міндеттің неге маңызды екенін көрсетеді. Халықтың атаулы табысы II тоқсанда 11,2% өскенімен, нақты өсім – 0,7%. Орташа жалақы 486 мың теңгеден асқанымен, медианалық жалақы 348 мың теңге деңгейінде. Ал нақты жалақының сатып алу қабілеті бір жылда 1,8% төмендеді.

Демек мәселе халықтың қолына түсетін теңгенің санын көбейтумен ғана шешілмейді. Жалақы өсімі инфляциядан тұрақты түрде жоғары болуы, экономиканың өсімі сапалы жұмыс орындарына айналуы және еңбек өнімділігі артуы керек. Сонда ғана статистикадағы экономикалық өсім халықтың күнделікті өміріндегі нақты өсімге айналады.

Барлық жаңалық