Қазақстанда жылдық инфляция 10%-дан төмендеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы тамызда инфляция 9,8%-ды құрады. Шілдеде бұл көрсеткіш 10,2% болған еді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Осылайша, Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфляцияны 10%-дан төмендету жөніндегі тапсырмасы аясындағы алғашқы межеге жетті. Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде қымбатшылық деңгейін бір таңбалы көрсеткішке дейін төмендету жоспарланғанын айтқан болатын. Ал 31 тамызда Үкімет басшысы қызметіне қайта тағайындалған Олжас Бектенов инфляциямен күрес жаңа Министрлер кабинеті жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін мәлімдеді.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішев бағаның өсу қарқынының баяулауын оң белгі деп бағалады. Дегенмен сарапшы бұл үрдісті сақтап қалу Үкімет үшін оңай болмайтынын атап өтті.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы тамызда жылдық инфляция 9,8%-ды құрады. Бұған дейін Президент Тоқаев Бектенов Үкіметіне инфляцияны 10%-дан төмендетіп, кейінгі үш жылда оны кезең-кезеңімен азайтуды тапсырған еді. Дүйсенбі күні қызметіне қайта тағайындалған Үкімет басшысы өз сөзінде инфляциямен күрес Министрлер кабинеті жұмысының басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Шын мәнінде, бірнеше жылға созылған жоғары инфляциялық қысымнан кейін бағаның өсу қарқынының аздап баяулауы – жақсы белгі. Алайда шикізат нарығындағы құбылмалылық, санкциялық текетірес және мемлекеттік шығындар мен қарулану бәсекесінің ұлғаюына әкеліп отырған соғыстар жағдайында бұл үрдісті сақтап қалу мүмкін бе деген үлкен сұрақ бар. Үкімет үнемі «инфляцияны бақылау – экономикалық өсім – экономиканы сауықтыру» үшбұрышының қай тұсына басымдық беру керектігін шешуге мәжбүр болады. Бұл ретте әкімдіктерге де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар инфляцияның ашық және жасырын қозғаушы факторларын қаншалықты сапалы пысықтайды деген мәселе маңызды. Әңгіме бағаны нарықтық емес жолмен бақылау туралы емес, тауарлар мен қызметтердің тұтынушыға жеткенше негізсіз үстеме баға жинамауы үшін нарықты ретке келтіру жөнінде болып отыр», – деді Ғазиз Әбішев.
Сарапшының пікірінше, ендігі басты міндет – бір реттік көрсеткішпен шектелмей, инфляцияның төмендеу үрдісін тұрақтандыру. Бұл үшін орталық мемлекеттік органдармен қатар әкімдіктер де бағаның қалыптасуына әсер ететін делдалдық тізбектер мен негізсіз үстемеақыларды азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.