Жамбыл облысында азаматтық некеде тұрған ер адам жанжал кезінде әйелінің көлігін әдейі өртеп жіберіп, сот алдында жауап берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Azattyq Rýhy сайтына сілтемемен.
Сот материалдарына сүйенсек, А. есімді ер адам бөтеннің мүлкін қасақана жою бойынша айыпталған. Ол өзімен бірге тұратын И. есімді әйелмен бірлесіп BMW 530i көлігін несиеге алған. Көліктің жалпы құны — 4 миллион теңге, алғашқы жарна ретінде 800 мың теңге төленген.
Жәбірленуші И.-нің жүргізуші куәлігі болмағандықтан, көлік уақытша А.-ның басқаруына берілген. Сондай-ақ көлікке сақтандыру полисі рәсімделген.
2025 жылдың наурыз айының соңында екеуінің арасында жанжал туындаған. Сол сәттегі эмоцияға берілген А. жанармай бекетінен 5 литр бензин сатып алып, көлікті ашық алаңға айдап апарған. Ол бензинді автокөліктің салоны мен қозғалтқыш бөлігіне төгіп, от қойып өртеген.
Салдарынан көлік толық жанып кеткен, ал И. есімді әйелге 4,4 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келген. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
Сот А.-ны кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.