💰 Экономика

ХВҚ Қазақстан экономикасына қатысты болжамын жақсартты

ХВҚ Қазақстан экономикасына қатысты болжамын жақсартты

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2025 жылға арналған Қазақстан экономикасының өсімі бойынша болжамын 4,9%-дан 5%-ға дейін жақсартты. Бұл туралы ұйымның шілде айындағы шолуында көрсетілген. Ал 2026 жылға арналған болжам бұрынғыдай 4,3% деңгейінде сақталды, деп жазады Ozgeris.info.

Сарапшылардың айтуынша, бұл оң түзету ішкі сұраныстың артуымен, инвестициялық белсенділіктің өсуімен және сыртқы нарықтағы салыстырмалы тұрақтылықпен байланысты. Ұлттық банк те осыған ұқсас ұстанымда: реттеуші биылғы жалпы ішкі өнімнің өсімі 5–6% аралығында болады деп отыр.

 «Экономиканың нақты секторында белсенділік жоғары. Бұл – бизнес пен халықтың тұтынушылық сенімінің көрсеткіші», делінген Ұлттық банктің түсіндірмесінде.

Мұнай нарығына келсек, ХВҚ болжамынша, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 68,18 долларды құрайды. 2026 жылы бұл көрсеткіш 64,33 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Сәуірдегі есепте бұл сандар тиісінше 66,94 және 62,38 доллар болған. Салыстыру үшін: 2024 жылғы орташа баға – 79,17 доллар.

«Маусым айында бағаның көтерілуі Иран мен Израиль арасындағы шиеленіске байланысты болды. Дегенмен мұнай жеткізу көлемі айтарлықтай қысқарған жоқ», деп атап өтті ХВҚ. 

Сонымен қатар, ХВҚ әлемдік экономикаға қатысты да бірқатар оң өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ елдері бойынша өсім көрсеткіштері жоғары қарай қайта қаралған.

Барлық жаңалық