Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева 2016 жылы басынан өткерген ауыр кезеңі туралы ашық айтты. Өнер иесі сол уақытта жалғыздық, қарыз, депрессия және күйзеліспен бетпе-бет келгенін жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Барлық адамның өмірінде қиындық болады ғой. Менің өмірімдегі ең ауыр сынақ 2016 жылы келді. Есіме түссе, әлі жылаймын. Жалғыздық, қарыз, депрессия, стресс – бәрі бірінің артынан бірі келді», – деп жазды ол.
Ақынның айтуынша, сол кезеңде болашағын ойлаған сайын жан күйзелісі күшейе түскен. Кәсіп бастауға тырысқанымен, ісі сәтсіз аяқталып, қаржы пирамидаларына салған ақшасынан да айырылған.
«Әсіресе ары қарай қалай күн көремін деп ойласам, өлгім келетін еді… Сату білмеймін, бірдеңе бастасам, банкротпен бітіп жатты. “Квестра”, “Апорт” деген пирамидаларға кіріп, қалған ақшамнан айырылып, қарызға кіріп кеттім», – деді Айнұр Тұрсынбаева.
Ол қиын жағдайда тоғыз ай жүргенін және күйзелістің денсаулығына да әсер еткенін жасырмады.
«Сөйтіп жүргенде тоғыз ай өтті. Тоғыз айда ішпей-жемей семіріп кеттім. Онлайн сабақтар сатып алып, тыңдауға шыдамым жетпей, жаба салатынмын. Сөйтіп жүріп офлайн сабақтар мен кітапқа көштім», – деп жазды өнер иесі.