Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, еліміз 55-орыннан 48-орынға көтерілген. Соңғы жеті жылда жалпы ішкі өнім көлемі ұлғайып, инвестиция көбейді, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар бастама жүзеге асырылды. Бұл өзгерістерге қандай факторлар ықпал етті? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттік саясат қандай нәтиже берді?
Ozgeris.info сайты осы мәселелерге кеңірек тоқталып өтті.
Жеті жылда экономика қалай өзгерді?
Қазақстанның әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылуы – кейінгі жылдардағы экономикалық өзгерістердің маңызды көрсеткіштерінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 159,6 триллион теңгеге жетіп, нақты өсім 6,5 пайызды құрады. Ал 2019 жылы ЖІӨ көлемі 69,5 триллион теңге болған. Осылайша, жеті жыл ішінде экономика көлемі теңгемен есептегенде екі еседен астам ұлғайды. Дегенмен бұл өсімнің бір бөлігі инфляция мен бағаның өзгеруіне байланысты екенін ескеру қажет. Сондықтан экономиканың нақты қаншалықты өскенін бағалау үшін өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің көлеміне назар аударған жөн.
2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы бірнеше күрделі кезеңнен өтті. Коронавирус пандемиясы, халықаралық саудадағы шектеулер, геосаяси шиеленістер мен әлемдік нарықтағы тұрақсыздық елдің экономикалық дамуына әсер етті. Соған қарамастан, Қазақстан экономикалық өсімді қалпына келтіріп, халықаралық рейтингтегі орнын жақсарта алды. Бұл кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту міндеттерін алға қойды. Аталған бағыттар бойынша қабылданған шешімдер ел экономикасының дамуына негіз болды.
Экономика ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Қамбар да Қазақстанның соңғы жеті жылдағы экономикалық өзгерістеріне назар аударған.
Сарапшы елдің пандемия мен сыртқы экономикалық қиындықтарға қарамастан, өсім қарқынын қалпына келтіріп, бірқатар көрсеткіш бойынша алға жылжығанын атап өтеді. Оның бағалауынша, соңғы жылдардағы өзгерістер экономиканың сыртқы сын-қатерлерге бейімделу мүмкіндігін көрсетеді.

"Өткен жеті жылда Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 2,3 есеге өсіп, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 миллион 661 мың 600 теңгені құрады. Осы кезеңде орташа жалақы 185 мың теңгеден 443 мың теңгеге, ал медиандық жалақы 112 мың теңгеден 317 мың теңгеге жетті. Бұл халық табысының өскенін көрсетеді. Сондықтан өткен жеті жылды еліміздің ұзақ мерзімді даму мақсаттарына жету жолындағы маңызды кезең деп бағалауға негіз бар", – деді сарапшы.
Инвестиция көлемі екі есеге жуық ұлғайды
Экономикалық өсімге ықпал еткен маңызды факторлардың бірі – инвестиция. Соңғы жеті жылда Қазақстанда негізгі капиталға салынған жылдық инвестиция көлемі 12,6 триллион теңгеден 23,5 триллион теңгеге жетті. Ал 2019 жылдан 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін елге тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 162 миллиард доллардан асты. Бұл қаржы өндіріс, энергетика, көлік, логистика және басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тартуды экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Соңғы жылдары Қазақстан Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерімен экономикалық байланысын кеңейтіп, халықаралық компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріп келеді. Мұндай ынтымақтастықтың маңызы тек қаржы тартумен шектелмейді. Жаңа өндірістердің ашылуы, заманауи технологиялардың келуі және жұмыс орындарының көбеюі де инвестициялық саясаттың нәтижесін көрсетеді.
Қазақстан экономикасындағы осы өзгерістер шетелдік сарапшылардың да назарын аударған. Жақында жарияланған халықаралық талдауда еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері мұнай-газ саласымен шектелмей, өңдеу өнеркәсібі, көлік, логистика және басқа бағыттар бойынша кеңейіп келе жатқаны айтылған. Бұл Қазақстанның шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, өндіріс пен инфрақұрылымға көбірек көңіл бөле бастағанын көрсетеді.
Экономиканы әртараптандыру қандай нәтиже берді?
Қазақстан экономикасы ұзақ жылдар бойы мұнай, газ және металл экспортына тәуелді болып келді. Сондықтан әлемдік нарықтағы шикізат бағасының өзгеруі елдің экономикалық өсіміне тікелей әсер етеді. Осы тәуелділікті азайту үшін кейінгі жылдары өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы өндірісті жаңғырту, отандық кәсіпорындарды қолдау және ел ішінде қосылған құны жоғары өнім шығару міндеттерін бірнеше рет көтерді.
Бұл бағыттағы өзгерістер біртіндеп байқала бастады. Өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі ұлғайып, машина жасау, химия өнеркәсібі, металл өңдеу және азық-түлік өндірісі сияқты салаларда жаңа жобалар қолға алынды. Шикізатты дайын өнімге айналдыру ел ішінде көбірек табыс табуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорт мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов соңғы жеті жылдағы экономикалық саясаттың маңызды шешімдерінің бірі ретінде Президенттің 2024 жылғы 8 мамырда қол қойған экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығын атайды.
Оның пікірінше, бұл құжат мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, бәсекелестікті дамытуға және жеке кәсіпкерліктің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Сарапшы мұндай өзгерістердің нәтижесі бірден байқалмайтынын, алайда ұзақ мерзімді экономикалық өсім үшін маңызы зор екенін атап өтеді.

Рысмамбетовтің айтуынша, 2019 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 69,5 триллион теңге болса, 2025 жылдың қорытындысында 159,6 триллион теңгеге жеткен. Доллармен есептегенде экономика көлемі 181,7 миллиардтан 306 миллиард долларға дейін ұлғайған. Ал жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 9,8 мың доллардан 15 мың долларға көтерілген. Дегенмен сарапшы номиналды көрсеткіштердің өсуіне инфляция мен валюта бағамының өзгеруі де әсер ететінін ескертеді. Оның есебінше, 2020–2025 жылдардағы нақты экономикалық өсім 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 23 пайыз болған.
"Мен ең алдымен Президенттің экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығын атар едім. Шынын айтқанда, бизнес бұл шешімді көптен күтті. Құжат бәсекелестікті дамытуға, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуға және кәсіпкерлердің шығынын қысқартуға бағытталған. Бұл – соңғы жылдардағы экономикалық саясаттың ең маңызды құжаттарының бірі. Ендігі міндет – осы бағыттан кері шегінбей, нарықтық экономиканы біртіндеп дамыту", – деді Расул Рысмамбетов.
Мемлекеттік саясаттың нәтижесі құқықтық реформалардан да көрінеді
Соңғы жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістер экономикалық саясатпен ғана шектелмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында да бірқатар реформа қолға алынды. Бұл өзгерістердің нәтижелері халықаралық деңгейде де талқыланып жатыр. Соның бірі – Қазақстанның азаптауға қарсы күрес және адам құқықтарын қорғау саласындағы тәжірибесі.
Жақында Варшавада өткен халықаралық жиында Қазақстандағы осы бағыттағы өзгерістер таныстырылды. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылар кеңесі мен Ғылыми комиссияның мүшесі Рахымбек Мамырбаев елде азаптаудың алдын алуға арналған заңнамалық және практикалық шаралар күшейтіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап азаптауға қатысты қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтіліп, мұндай істерді тергеу прокуратураның айрықша құзыретіне берілген. Сонымен қатар ұсталған азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған қосымша кепілдіктер енгізілген. Сарапшы бұл өзгерістерді адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадамдар ретінде бағалайды.

"Қазақстанда азаптаудың алдын алу үшін қажетті заңнамалық және практикалық шаралар қабылданып жатыр. Азаптау үшін қылмыстық жауапкершілік кезең-кезеңімен күшейтілді. Қазір бұл саладағы жауапкершілік әлемдегі ең қатаң шаралардың бірі саналады. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету күштік құрылымдардың қарауынан шығарылып, Денсаулық сақтау министрлігіне берілді", – деді Рахымбек Мамырбаев.
Бұл бастамалар мемлекеттік саясаттың тиімділігін тек экономикалық көрсеткіштермен өлшеуге болмайтынын көрсетеді. Өйткені елдің дамуы азаматтардың құқықтарының қорғалуына, мемлекеттік институттардың жұмысына және қоғамдағы әділдік қағидаларының сақталуына да байланысты. Құқықтық реформалардың нәтижесін бағалауда қабылданған заңдармен қатар, олардың күнделікті өмірде қаншалықты орындалып жатқаны маңызды.
Шағын және орта бизнес қаншалықты дамыды?
Экономикалық саясаттың тағы бір маңызды бағыты – кәсіпкерлікті дамыту. Соңғы жеті жылда Қазақстанда шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 31,3 пайызға көбейіп, 2025 жылы 4,5 миллион адамға жетті. Бұл көрсеткіш кәсіпкерліктің ел экономикасындағы рөлі артып келе жатқанын аңғартады. Шағын және орта бизнес жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, ішкі нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге және өңірлердің дамуына ықпал етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық саясатында жеке кәсіпкерліктің мүмкіндігін кеңейтуге ерекше мән берілген. Бұл бағытта әкімшілік кедергілерді азайту, бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру және мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын қысқарту міндеттері қойылды. Десе де кәсіпкерлік саласындағы жетістіктерді тек жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санымен бағалау жеткіліксіз. Олардың қаншалықты табысты жұмыс істейтіні, қандай өнім шығаратыны және жаңа нарықтарға шыға алатыны да маңызды.
Экономикалық өсім халықтың тұрмысынан көріне ме?
Қазақстанның әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылуы – елдің халықаралық деңгейдегі орнын көрсететін маңызды нәтиже. Дегенмен экономикалық өсімнің халықтың күнделікті өміріне қаншалықты әсер еткені де назар аударуды қажет етеді. Өйткені жалпы ішкі өнімнің ұлғаюы азаматтардың нақты табысы дәл сондай қарқынмен өсті дегенді білдірмейді. Инфляция, азық-түлік бағасы, тұрғын үй құны және басқа да шығындар халықтың сатып алу қабілетіне әсер етеді.
Расул Рысмамбетов те экономикалық саясаттың нәтижесін бағалағанда халықтың өмір сүру сапасына назар аудару қажет екенін айтады. Оның пікірінше, экономикалық өсім еңбек өнімділігінің артуымен, өңірлердегі инфрақұрылымның жақсаруымен және азаматтардың нақты табысының көбеюімен қатар жүруге тиіс. Сондықтан алдағы жылдары Қазақстан үшін ЖІӨ көлемін ұлғайту ғана емес, экономикалық өсімнің игілігін халықтың сезінуі де маңызды міндет болып қала береді.
Үкіметтің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасында экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5 пайыз деңгейінде ұстап тұру және 2028 жылға қарай инфляцияны 5–7 пайызға дейін төмендету көзделген. Бұл міндеттердің орындалуы халықтың сатып алу қабілетін сақтауға, бизнестің ұзақ мерзімді жоспар құруына және ел экономикасының тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Алдағы жылдарға арналған халықаралық болжамдар да Қазақстан экономикасының өсу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Соңғы жарияланған есептерге сәйкес, 2031 жылға қарай еліміздің жалпы ішкі өнімі 500 миллиард доллардан асуы ықтимал. Мұндай жағдайда Қазақстан әлемдегі ең ірі 45 экономиканың қатарына енуі мүмкін. Бірақ бұл болжамның жүзеге асуы өндірістің дамуына, инвестиция көлеміне, сыртқы нарықтағы жағдайға және экономикалық реформалардың жалғасуына байланысты.
Осылайша, Қазақстанның әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылуы соңғы жеті жылда елде болған өзгерістерді көрсететін маңызды жетістіктердің бірі саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттік саясат аясында инвестиция тарту, өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және экономиканы әртараптандыру бағытында бірқатар шешім қабылданды. Олардың нәтижесі экономикалық көрсеткіштерден біртіндеп көрініс тауып жатыр. Сонымен қатар құқықтық реформалар мен мемлекеттік институттарды жаңғыртуға бағытталған бастамалар да ел дамуының маңызды бөлігіне айналды.
Дегенмен Қазақстан үшін ендігі басты міндет – халықаралық рейтингтегі орнын сақтап қана қоймай, экономикалық өсімнің сапасын жақсарту. Ол үшін өндірісті дамыту, еңбек өнімділігін арттыру, жеке инвестицияларды көбейту және инфляцияны төмендету қажет. Өйткені мемлекеттің даму деңгейі экономикасының көлемімен ғана емес, сол жетістіктердің халықтың тұрмысынан қаншалықты көрініс табатынымен де өлшенеді.