Экономика

Бектенов Үкіметі тұсында Қазақстанның халықаралық рейтингі екінші рет көтерілді

Бектенов Үкіметі тұсында Қазақстанның халықаралық рейтингі екінші рет көтерілді

Қазақстан экономикасына деген сенім соңғы он жылдағы ең жоғары деңгейге жетті, деп жазады Ozgeris.info

Халықаралық S&P Global Ratings рейтинг агенттігі 2016 жылдан бері алғаш рет Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтеріп, болжамды «Тұрақты» деп белгіледі.

Қазақстанға берілген бұл рейтинг – Еуразия кеңістігіндегі және ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Елдің рейтингі шамамен Үндістан мен Индонезия деңгейінде, ал Венгрия, Румыния және Сербиядан жоғары.

Бұл – қазіргі Үкімет жұмыс істеген кезеңде Қазақстанның халықаралық рейтингінің екінші рет жоғарылауы. Бұған дейін тағы бір халықаралық агенттік – Moody’s 2024 жылы Қазақстанның рейтингін Baa1 деңгейіне көтеріп, 2025 жылы оны осы деңгейде растаған болатын.

Рейтингтің көтерілуіне бірнеше фактор әсер етті.

Бектенов Үкіметі бірқатар күрделі шешім үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Олардың қатарында салық реформасы, мемлекеттік шығындарды қысқарту және өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беру бар. Қаржылық тәртіп – халықаралық сарапшылар назар аударатын негізгі көрсеткіштердің бірі. Қазақстан шығындарды оңтайландырып, жинақтарды сақтауға күш салып, Ұлттық қор қаражатының шамадан тыс жұмсалуын шектеуге бағытталған саясат жүргізіп келеді.

Сонымен қатар Үкімет нақты жобаларға нақты капитал салуға дайын шетелдік инвесторлармен белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың Қазақстандағы инвестициялық ахуалға қатысты бағасы да елдің халықаралық деңгейдегі позициясына белгілі бір дәрежеде ықпал етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, сарапшылар Қазақстанның қаржы ағындарын бақылауды күшейтіп, капиталдың шамадан тыс сыртқа шығарылуына тосқауыл қоюға бағытталған қадамдарына да назар аударған болуы ықтимал.

Тағы бір маңызды фактор – Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған экономикалық прагматизм геосаяси тәуекелдерді барынша азайта отырып, барлық маңызды серіктестермен ынтымақтастықтан ел үшін барынша тиімді нәтиже алуға бағытталған.

Жаңа рейтинг және өзге халықаралық агенттіктер тарапынан берілген тұрақты бағалардың сақталуы Қазақстанның жаһандық экономикадағы құбылмалылыққа төтеп беру мүмкіндігін күшейтіп, халықаралық қаржы нарығындағы позициясын одан әрі нығайтуға ықпал етуі мүмкін.

Барлық жаңалық