Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда банктер қаржыны экономикаға бағыттаудан гөрі тәуекелі төмен салаларға салуды жөн көреді.
«Қазақстандағы банктердің қаражаты мен активтері дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі. Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылай тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар көтеріп жүр. Ұлттық банк пен үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табу қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет», деді Тоқаев.
Президент осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін банктер туралы жаңа заң қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Бұл бағыттағы маңызды қадамның бірі – банктер туралы ел экономикасының қажеттелігін ескеретін жаңа заң қабылдау. Құжатта бәсекелестікті күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды шақыру мәселесін, финтехті дамытып, цифрлық активтерді либерализациялау мәселесі қаралуы керек», деді ол.