Тележүргізуші Динара Сәтжан әлеуметтік желіде өзін қорлап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан ақтөбелік блогерге қатысты сотқа жүгінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, бұған дейін Бағдагүл есімімен танылған блогер әлеуметтік желіде тележүргізушінің жеке басына қатысты балағат сөздер айтып, түрлі мәлімдемелер жасаған. Осыдан кейін Динара Сәтжан мен продюсер Баян Алагөзова Instagram парақшаларында жазба жариялап, блогерді жалған ақпарат таратып, заң талаптарын бұзды деп айыптаған болатын.
Динара Сәтжанның сөзінше, бір ай бұрын ол аталған іске байланысты сотқа талап арыз берген. Бүгін Астанада осы іс бойынша алғашқы сот отырысы өткен.
«Сөз бостандығы – өз пікіріңді айту құқығы ғана емес, сол сөз үшін жауапкершілік те. Ешкімнің ар-намысына тиіп, қорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан бұл мәселені заң аясында шешуді жөн көрдім», – деді тележүргізуші.
Ол сондай-ақ Бағдагүлдің өз айтқан сөздері үшін енді әлеуметтік желіде емес, сот алдында жауап беретінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан ақтөбелік блогердің TikTok пен Instagram желілерінде ақылы бата беріп, «қасиетті заттар» мен биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) сатумен айналысатынын айтып, осыған байланысты Ақтөбе облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ресми сұрау жолдаған еді