Жаңалықтар

Астанада жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту үшін дрондар қолданылуда

Астанада жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту үшін дрондар қолданылуда

Елордада жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау үшін жаңа технологиялар сыналуда. Аспанда пайда болған Sergek жүйесімен жабдықталған дрондар жол ережесін бұзғандарды анықтап қана қоймай, іздеудегі көліктерді табуға және полицияға жедел ақпарат беруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты NewTimes.kz сайтына сілтемемен.

 

Sergek Group компаниясы Ішкі істер министрлігі мен «Қазтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, дрондарды түрлі мақсатта пайдалану мүмкіндігін тексеріп жатыр. Олардың қатарына жол бойын патрульдеу, бағытталған іздестіру шаралары және нақты мекенжай бойынша тексерістер кіреді. Егер сынақ сәтті аяқталса, бұл технологиялар басқа аймақтарға да енгізілуі мүмкін.

 

Жүйе құқықбұзушылықтарды, алимент төлемей жүргендер мен басқа да борышкерлерді нақты уақыт режимінде анықтап, ақпаратты жердегі тәртіп сақшыларына бірден жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар құқық қорғау органдарының әрекет ету жылдамдығын арттырып, жолдағы қауіпсіздікті күшейтеді.

 

– Дрондардың көмегімен жол ережесінің бұзылуын бірден байқап, қажетті мәліметті патруль қызметіне тез жеткізе аламыз. Мұндай тәсіл апаттардың алдын алуға және жалпы көлік тәртібін арттыруға жол ашады, – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің Ақпараттандыру және байланыс департаментінің басшысы, полиция полковнигі Сергей Варго.

Барлық жаңалық