Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниял Үскенбай мен келіні Айнұрдың Париждегі сәттерін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, жас жұбайларға жүрекжарды тілегін білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тележүргізуші бір-бірін таңдап, өмірлерін бірге жалғастыруға шешім қабылдаған екі жастың бақытты сәттеріне куә болу өзі үшін ерекше сезім екенін атап өтті.
«Сендерге махаббаттарыңды өмір бойы аялап, бір-біріңе ризашылықпен әрі құрметпен қарауды тілеймін. Жылдар өткен сайын сезімдерің тереңдеп, махаббаттарың даналық пен күшке толы болсын», – деп жазды Динара Сәтжан.
Сонымен қатар ол ұлы Даниялға отбасылық өмірге қатысты маңызды кеңесін айтып, әйелдің отбасындағы рөліне тоқталды.
«Даниял, саған ең басты нәрсені айтқым келеді: әйел – қызметші емес. Ол – сенің өмірлік серігің, тең дәрежедегі жұбың. Онымен қуанышыңды да, қиындықтарыңды да, армандарыңды да, отбасы алдындағы жауапкершілікті де бірге бөлісесің», – деді ол.
Динара Сәтжан ұлына жарының қызығушылықтары мен армандарына құрметпен қарауды, жетістіктеріне бірге қуанып, қиындыққа тап болған сәттерінде әрдайым қолдау көрсетуді өсиет етті.
«Бүгін жүректеріңді тоғыстырған сезімді сақтаңдар. Күн сайын бір-біріңді қайта таңдай біліңдер. Бақытты болыңдар, менің сүйіктілерім!» – деп түйіндеді тележүргізуші.