Қазақстанда жоспарланып отырған жаңа мыс балқыту зауыттары отандық металлургияны дамытуға мүмкіндік береді. Алайда мұндай жобалардың тиімді болуы үшін мыс концентратын өңдеу тарифін дұрыс қалыптастыру қажет. Бұл туралы сарапшы әрі экономист Айдархан Құсаинов әлеуметтік желідегі жазбасында айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы екі жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспары бар. Сарапшы бұл бастаманы оң бағалап, ендігі маңызды мәселе жобаларды кім қаржыландыратыны және концентратты өңдеу бағасы қалай қалыптасатыны екенін атап өтті.
Құсаинов әлемдік нарықтағы, соның ішінде Қытайдағы споттық өңдеу тарифін Қазақстан үшін тікелей бағдар ретінде алуға болмайды деп есептейді.
«Қытайда споттық нарықта өңдеу құны кейде бір тонна металл үшін 0 доллар болуы мүмкін деген көрсеткіш келтірілді. Бірақ оны баға белгілеудің тікелей бағдары ретінде қабылдауға болмайды. Біріншіден, концентратты өңдеу кезінде негізгі металдан бөлек көптеген ілеспе өнім шығады. Сондықтан кейде негізгі металл бойынша өңдеуді шартты түрде “тегін” көрсетуге болады да, қалған ілеспе өнімдерді өңдеуші өзіне қалдырады. Яғни бұл шын мәнінде тегін емес», – дейді Айдархан Құсаинов.
Сарапшы споттық бағалар ұзақмерзімді инвестициялық шешімдер үшін сенімді көрсеткіш бола алмайтынын да атап өтті.
Ол бұған дейін әлемдік нарықта газ, электр энергиясы және мұнай бағасына байланысты болған жағдайларды мысалға келтірді. Құсаиновтың пікірінше, қысқамерзімді нарықтық ауытқуларға тым қатты тәуелді болу ірі өндірістік жобаларды жоспарлауға кедергі келтіреді.
«Споттық бағаларға қатты сенбеймін. Еуропаның газдағы нарықтық баға белгілеумен неге тап болғанын көрдік. Жел және күн энергетикасында теріс споттық бағалар болды, мұнайдың да теріс бағасын көрдік. Нарықтағы мұндай ойын инвестицияларды ұзақмерзімді жоспарлауға кедергі келтіреді және нарық қатысушыларын жаңылыстырады. Қысқамерзімді ойлайтын және артық қуаты бар ойыншылар үшін бұл тиімді болуы мүмкін, бірақ стратегиялық тұрғыдан мұндай тәсіл сәтсіз», – деп жазды ол.
Айдархан Құсаинов мыс концентратын өңдеу тарифін есептегенде тасымал шығынын да назардан тыс қалдырмау қажет екенін айтады.
Оның пікірінше, концентрат құрамындағы бір тонна металды тасымалдау дайын металдың өзін жеткізумен салыстырғанда қымбатқа түседі. Сондықтан логистикалық шығын да ішкі өңдеудің экономикалық тиімділігін есептеу кезінде ескерілуі тиіс.
«Концентрат құрамындағы бір тонна металды тасымалдау құны дайын металды тасымалдаудан әлдеқайда жоғары. Егер концентратты өңдеу тарифі туралы айтып отырсақ, бұл факторды да міндетті түрде есепке алу қажет», – дейді экономист.
Құсаинов әлемдік нарықтағы уақытша артық өндірістік қуат кейбір шетелдік кәсіпорындарға демпинг жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бірақ Қазақстан ұзақмерзімді өнеркәсіптік саясатын басқа елдердегі қысқамерзімді баға конъюнктурасына қарай құрмауы керек деп есептейді.
Оның айтуынша, өзіндік металлургия – мемлекеттің стратегиялық экономикасының маңызды элементі.
«Біз сирек жер металдарымен, түрлі металл қорларымен мақтанамыз. Бірақ оларды толыққанды өңдеу циклі болмаса, бұл байлықты толық иеленіп отырмыз деу қиын. Егер шикізаттан қажетті өнімді өзің бөліп алып, өңдей алмасаң, онда іс жүзінде оны басқа елдердің өндірісіне қызмет ететін ресурс ретінде ғана беріп отырсың», – деп жазды Айдархан Құсаинов.
Сарапшы металлургиядағы жағдайды мұнай өңдеу саласымен де салыстырды. Оның пікірінше, екі сектордың экономикасы бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді.
Мұнай өңдеу зауыттары негізінен ішкі, реттелетін нарыққа жұмыс істейді. Ал Қазақстандағы жанармай бағасы көрші елдердегі және әлемдік нарықтағы бағалардан төмен. Соның салдарынан мұнай өндіруші компаниялар ішкі нарықты белгілі бір деңгейде субсидиялауға мәжбүр.
Ал металл саласында концентрат та, дайын металл да әлемдік нарыққа және әлемдік бағамен сатылуы мүмкін.
«Металдарда жағдай басқаша. Концентрат та, металл да экспортқа, әлемдік нарыққа әлемдік бағамен сатылады. Сондықтан бұл жерде мемлекеттің реттеу тетіктерін пайдаланып, нарықтағы сәтсіздікті – споттық баға мен шетелдік өңдеушілердің демпингін – қалыпты өңдеу тарифін енгізу арқылы түзетуге болады», – дейді ол.
Айдархан Құсаиновтың пікірінше, жаңа мыс балқыту жобаларын мемлекет тікелей қаржыландыруы міндетті емес. Инвестицияны жеке бизнес жүзеге асыра алады.
Бұл ретте кен өндіруші компаниялар өндірістік тізбектің жоғары деңгейіне көтеріліп, өздері металлургиялық өңдеуге кірісуі мүмкін. Немесе дайын металл тұтынушылары өндірістік тізбектің бастапқы сатысына инвестиция сала алады. Бұдан бөлек, нарыққа дербес металлургиялық компаниялардың келуіне мүмкіндік бар.
«Егер қысқаша айтсақ, бұл жобаларды жеке бизнес қаржыландыруы керек. Мүмкін, кен өндірушілер өндірістің жоғары сатысына өтеді, мүмкін, металл тұтынушылары upstream бағытына бір саты төмендейді немесе жеке металлургиялық компаниялар келеді. Бірақ ең маңыздысы – өңдеуге қалыпты тариф беру. Мемлекеттік реттеудің мәні де осында», – дейді сарапшы.
Ол нарықты толық ырықтандыру, споттық бағаға көшу сияқты шешімдердің өзі де мемлекеттік реттеудің бір түрі екенін атап өтті. Сондықтан мұндай саясат теріс нәтиже берсе, мемлекет реттеу тәсілін қайта қарап, нарық қатысушыларына түсінікті әрі ұзақмерзімді ережелер ұсынуы қажет.
«Қазақстан энергетикада тарифтерді төмендетіп, ұстап тұру саясатының салдарын қазір өте қымбат бағамен төлеп отыр. Осыдан сабақ алу керек. Металлургияда дұрыс ереже мен өңдеудің дұрыс тарифін қалыптастыру қажет», – деп қорытындылады Айдархан Құсаинов.