Белгілі ақын әрі журналист Серік Боқан қайтыс болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қаралы хабарды ақын Тоқтарәлі Таңжарық жеткізді. Ол Facebook-тегі парақшасына әріптесіне арнап жазба жариялап, марқұмның көп өлеңі жоғалып кеткенін айтты.
Кешір, Секе!.. Ақын досымыз Серік Боқан қаза болыпты. Мына өмірде ешбір ереже мен тыйымға бағынуға болмысы сай келмейтін жандар болады. Секең, Серік Боқан сондай жан еді. Ол бұл өмірдің қулық-сұмдығын үйрене алмай-ақ кетті. Басын тауға да, тасқа да ұрды. Ақыры діннен марқадам тапты… бәлкім, таппады. Өзін көп іздеді. Өзін сыйлайтын ортаны көп іздеді. Жолы болмады. Үнемі тығырыққа тіреле берді. Өзі де менің алдымнан бір кетпелтек томар кетпейді деуші еді. Шынымен тап-таза еді. Тез жараланғыш еді. Онысын білдірмейтін. Өзін дәлелдегісі келетін. Дәлелдей алмады! — деп жазды Тоқтарәлі Таңжарық.
Серік Боқан «Жас қазақ үні» газетінде, «Үн» журналында қызмет атқарған. Біраз жыл бойы «Асыл арна» телеарнасында тілші болған.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың тамызында Серік Боқан Facebook-тегі парақшасында Бекболат Тілеуханды пандемия кезінде халыққа көмектеспеді, оралмандарға қол ұшын созбады деген мағынада айыптаған еді. Артынша экс-депутат ақынға ауыр сөздермен қарғыс жаудырды.
Мен сені дұға еткен сайын қарғаймын! Сондықтан Алла сені қинасын, жаныңа тыныштық болмас үшін азаптасын! Саған тыныштық бермеймін. Менде намаз кезінде қарғыс айтқан адамдардың тізімі бар, енді сен де осы тізімде боласың, — деп кіжінген аудиожазба жіберген ол.
Сол-ақ екен, жаман сөз жанына батқан Серік Боқан бірден Бекболат Тілеуханнан жалынып тұрып кешіріп сұрады.
Аса қадірлі Бекболат аға! Жаздым, жаңылдым! Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға! Қиналған кезде бәріміз өзіңді пана тұтып, алдыңа баратын ек. Бетімізді қайтарған кезің аз. Сіздің арқаңызда қажыға бардым. Қаржылай көмек беріп бақтыңыздар. Мен білмеппін, Қытай мен Өзбекстаннан, Мұңғұлиядан бас-аяғы 185 отбасын әкелгеніңізді. Осы коронавирустың кезінде 23 миллион теңгеге халыққа жәрдем етіпсіздер. Мұсылман болған соң рия қылып, жария етпепсіздер. Кейін білдім. Мені шайтан түртті. Күйсеңіз күйгендей-ақ екен. Теріс батаңызды қайтып алыңыз, Аға!!! Ұйқым бұзылып, жаным қинала бастады. Қиянатымды кешіріп, іні қалпымда жаныңыздан аластамаңызшы! Алдына келсе, атасының құнын кешетін тектінің тұяғы едіңіз ғой! Мен жаңылдым. Сіз кешіре көріңіз! Сәлеммен Серік Боқан бауырыңыз», — деп жазды журналист Facebook-тегі парақшасына.
Бекболат Тілеухан ол жазбаны да оқып, өзінің райынан қайтқанын білдірді.
Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ. Ініде ізет, ағада айбын болмаса, елден берекет қашпай ма? Серік бауырым кешірім сұрады. Мен наламды қайтарып алдым. Алла Алашты алауыздықтан, ағайынды араздықтан сақтасын! Әңгіменің нүктесі – осы! – деді қарғыс иесі.
Марқұмның шырылдаған шыбын жаны о дүниеде тыныш тапсын!
ПІКІР ЖАЗУ