Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы Тәуелсіздік жылдары елімізде халық денсаулығына, дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
Облысымызда бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің саны жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 36 проценті спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіш бойынша Атырау облысы республикада алдыңғы орындарда келеді."Өздеріңізге белгілі, биылғы жыл облыс спорты үшін табысқа толы болды. Паралимпиада ойындарындағы үш күміс жүлде – біз үшін керемет жетістік. Мұның барлығы салаға жасалған жағдай мен табанды жаттығулар, ерік-жігердің жемісі. Спортшылар мұнайлы астананың спорттық айбынын лайықты түрде қорғауда. Дарынды спортшыларымыздың арқасында облысымыздың жетістікке толы спорттық тарихы мен тамаша дәстүрі қалыптасты. Біз жеңімпаз ұландарымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Жаттықтырушыларымыз алдағы уақытта облыс мерейін асырып, даңқын шығаратын шәкірттерді тәрбиелей беретініне сенемін",-деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Олардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалдері мен облыс әкімінің Алғыс хаттары бар. Осы тұрғыда Министрліктің төсбелгісімен Облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин марапатталды.Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов параволейболшы Бауыржан Сартаевқа 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Сонымен қатар, аймақ басшысы спортшыларды марапаттап, жыл қорытындысы бойынша жетістікке жеткен спортшыларға номинацияларды табыстады.
Сондай-ақ, Махамбет Досмұхамбетов «Жыл спортшысы» номинациясының арнайы кубогын табыс етті. Бұл бойынша Олимпиадалық спорт түрінен Сырбаз Талғат, Олимпиадалық емес спорт түрлерінен Нұрсұлтан Жұмабаев «Жыл спортшысы» атанды.Сонымен қатар, іс-шарада облыс спортының жетістіктерін бейнелеген бейнебаян көрсетіліп, концерттік бағдарлама келушілер назарына ұсынылды. Аталмыш іс-шараға Пекин олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилманов, Токио паралимпиадасының жүлдегерлері Әнуар Сариев, Дәулет Теміржан, Зарина Байбатина және бапкерлері Жандос Қиянов қатысты.
Гүләлия ИГІЛІКОВА.