Бастауыш сынып оқушыларының жазу каллиграфиясын дамыту

Әдемі жазу оқушының мектеп табалдырығын аттаған күнінен басталады. Әдемі жазудың негізгі мақсаты — дұрыс, анық, тез жазуды және оқушының каллиграфиялық қабілетін қалыптастыру.

Мектептегі оқыту үрдісі әліппеден басталатыны белгілі. Әліппе кітабының басты мақсаты — балаға әріп таныту, яғни оқушыға жазу мен оқуды үйрету.

Әдемі жазу – аса жауапты да, күрделі жұмыс. Өйткені әліппе оқу барысында оқушылар дыбысты әріппен таңбалай білуге үйреніп қана қоймай, сонымен бірге каллиграфиялық талапқа сай жазуға дағдылануы тиіс.

Демек, мұғалімнің алдында әріпті жаза білуге үйрету емес, оның әрбір элементін дұрыс сақтауға, дәптерге қалай болса солай жазбай, оңға қарай, біркелкі көлбеу, таза, анық жазуға машықтандыру міндеті тұр. Осы талаптарды орындау негізінде оқушының көркем жазу дағдысы (каллиграфия) қалыптасады.

Әдемі жаза білудің әр оқушы үшін маңызы өте зор. Әдемі жазу – бұл мәдениеттіліктің белгісі, әрі сол жазуды оқитын адамға қарым – қатынасы, құрметі.

Әдемі жазу – өнер. Таза, анық, әдемі жазуды оқу да жеңіл, ондай жазумен берілген ойды түсіну де оңай. Әріп таңбаларын әдемі, көркем етіп салуға жаттықтыру мақсатында жүргізілетін жұмыстардың оқушы бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуына ықпалы бар. Мектепке алғаш келгеннен бастап баланың жазуына жете көңіл бөлмеу көп жағдайда оның өз ісіне салдыр – салақ қарауына, жауапкершілікті сезінбеуіне әкеп соғады. Таза, әдемі жазуды талап ету оқушының әсемдік сезімін оятып, мінез – құлқын  тәрбиелеп, жауапкершілікке, тыңғылықтылыққа, ұқыптылыққа үйретеді. Әдемі, анық жазуға үйрету арқылы мұғалім оқушыны еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа, әдемілікке тәрбиелейді. Жазу процесінде оқушы дұрыс отыруы керек, қаламды дұрыс ұстауы, дәптерді партаға орналастыруы – осының бәрі баланың көзіне, жазуына, жұмыс қабілетіне әсерін тигізеді.

Көркем жазу сабағына қойылатын талаптар:

  1. Отырғанда орындық партаға кіріп тұруы керек және оқушы тік отыруы шарт.
  2. Сол қол дәптерді басып, ал оң қолдың басы дәптерде жатады (бұл оң қолмен жазатын оқушылар үшін. Сол қолмен жазатын оқушылар үшін керісінше).
  3. Көз бен дәптердің арасы 30 см болуы шарт.
  4. Оң қолмен жазса, жарық сол жақтан, сол қолмен жазса, оң жақтан түсуі керек.

Жазу ұзақтығы 1-сынып оқушылары үшін 5 минутты құрайды. Одан ұзақ жазу баланы шаршатады. Арасында балаларды демалдырып, сергіту жаттығуларын жасаған жөн.

Егер оқушы қаламды дұрыс ұстауға дағдыланбаған болса немесе оған дұрыс ұстауға тез үйрену қиын болса, саусақтардың дұрыс орынға үйренуіне  көмектесетін бірнеше әдістер бар.

1-әдіс: «Қағаз майлық»

2-әдіс: «Тұтқадан төмен сырғыту»

3-әдіс: «Оқыту шүмегі»

4-әдіс: «Резеңке»

Қазіргі мектеп тәжірибесінен зерттеу, бақылау нәтижесіне қарағанда, бастауыш сынып оқушыларының каллиграфиясын айтарлық дәрежеде жақсарту, түбегейлі жетілдіру қажет ететінін көріп жүрміз. Көптеген оқушылар көркем, сұлу жазуға машықтанбаған. Каллиграфиялық кемшіліктермен қатар жазу тазалығы да талапқа сай емес. Кейбір оқушылар әріптен сөзді бөлшектеп, үзіп, баяу жазуға әдеттеніп алған.

Мен Айнұр Жүсіптің “Galamat” атты сертификатталған заманауи педагогтарды дайындайтын орталығында “Әдемі жазу” курсынан өттім. Өте сапалы, тиімді білім болды. Көптеген материал жинақтадым. Игерген білімімді шәкірттерімнің даму жолында пайдаланатыныма сенімдімін!

Қорыта келе, “Ғылым қалғып кетсе, қараңғылық бас көтереді” дегендей, заман талабына сай жаңа технологиялармен жұмыс жүргізу алдымызда отырған бала тәрбиесіне зор ықпал ететіні белгілі. Қазіргі ақпараттық технологиялардың даму қарқынының басымдылығы соншама барлық жазу үрдісі компьютермен қамтылған. Көркем жазу емлесі біз үшін, болашақ жастарымыз үшін ешқашан қалыс қалмау қажет. Қарыштаған заманда біз өз қалыптасқан көркем жазу сауаттылығын ұмытпауымыз керек!

Өзгеріс