Алматыда ескі базарлар жаппай жабылмақ

2026 жылға дейін модернизациядан өтпеген базарлар жабылады. Алматы қаласында базарлардың жаңғыруы – заман талабы екені даусыз. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәлімдеуінше, 2026 жылдан бастап модернизациядан өтпеген сауда орындарына жұмыс істеуге тыйым салынады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Алайда бұл шешім шағын саудагерлер үшін қаншалықты әділетті және жүзеге асыруға мүмкіндік бар ма – ашық сұрақ күйінде қалып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, Алматыда 59 базардың 70 пайызы жаңғыртылған. 2025 жылы тағы 10 базарды жаңарту жоспарланып отыр. Дегенмен алтауы түрлі себеппен кестеден кешігіп отыр. Бұған жер телімі мәселесі, техникалық рұқсаттардың кешігуі, әкімшілік кедергілер және қаржылық қиындықтар себеп болған.
–  Базарларды Тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде қолданылатын нормативтік техникалық актілердің — құрылыс, өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкестендіруіміз керек. 2026 жылдан бастап жаңғыртудан өтпеген базарлар жұмысын жалғастыра алмайды. Бұл қазіргі уақыт талабы. Қауіпсіздік, ашықтық және ыңғайлылық сауда стандартына айналуы тиіс, – деген еді министр.

Алайда мұндай жағдайда сұрақ туындайды: модернизациялауға қажетті ресурстар барлық кәсіпкерлерде бар ма? Цифрлық жүйеге көшу, санитарлық талаптарды күшейту, құрылыс жұмыстары – мұның бәрі қосымша шығынды талап етеді. Әсіресе, шағын сауда нүктелерінің иелері үшін бұл оңай шешілетін мәселе емес. Қалада іске қосылған «Digital Bazar» пилоттық жобасы аясында 7 базар мен 4 276 саудагер цифрлық форматқа көшірілді. Бұл – оң бастама. Дегенмен қалған мыңдаған кәсіпкердің оған дайындық деңгейі қандай – нақты талдау берілмей отыр.

Сонымен қатар, Алматы әкімдігі 341 заңсыз сауда орнын жабу бойынша шаралар қабылдағанын хабарлады. Бұл да өз алдына әлеуметтік маңызды мәселе. Көшеде сауда жасаушылардың арасында тіршілік үшін амалсыз осы жолды таңдаған азаматтар аз емес. Егер мұндай науқандар нақты балама ұсынбастан жүргізілсе, ол әлеуметтік шиеленіске себеп болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, базарларды жаңарту – стратегиялық маңызы бар міндет. Алайда оны әкімшілік қысыммен емес, кәсіпкерлермен жүйелі диалог арқылы іске асыру қажет. Әйтпесе, бұл шешімнің зардабын ең алдымен шағын және орта бизнес иелері тартуы мүмкін.