Алматы облысында бизнес жобалар қолдау тапты

Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы облысы Қаратал ауданында бұрынғы киіз үй-құрылыс фабрикасының аумағында жүнді терең өңдеу цехы ашылды.

«Отау Үштөбе» ЖШС басшысы Сағатбек Амергалиновтің айтуынша, жүн өңдеу цехы қазіргі заманғы техникамен жабдықталған. Цех күніне жүз келіге дейін ал айына екі мың тоннаға дейін жүнді жуып, тазалап өңдей алады. Өндірілген өнімді сату мәселесі шешімін тапқан, ең алдымен өз еліміздің өндірісін өз шикізатымызбен қамтамасыз етіп, Еуропаға экспортқа шығармақшы.

Нақтырақ айтсақ Германия мен Венгриялық компанияларымен сатып алу жөнінде келісім шарт жасасқан. Бүгінгі күні өндірісте 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ арқылы мемлекеттік бағдарламамен «Даму» қорының несиелеу бағдарламасын пайдаланып жеңілдетілген несие алып өндірістің керегесін кеңейту жоспары бар.

«Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнес» жобасының түлегі — Шолпан Есимбекова Бастөбе ауылында азық-түлік дүкенін ашып, кәсібін бастаған. «Atameken Zhetysu» микроқаржы ұйымынан мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несие көмегімен, халық игілігі үшін пайдаға асырып отыр. Кәсіптің дәл осы түрімен айналысу туралы ой Шолпанға тұрып жатқан ауылдағы нарықты зерттеу барысында келген:

«Адамдардардың күнделікті өмірінде тауарлардың қай түріне сұраныс бар екенін білу үшін ауыл арасындағы дүкендерге бір – екі рет барсаң жеткілікті. Алдағы уақыттағы мақсатым — кәсібімді одан әрі кеңейтіп, тек Бастөбе ауылын ғана емес, маңайындағы басқа да жақын ауылдар мен Үштөбе қаласының тұрғындарын да түрлі сұраныстағы тауарлар толықтырған сапалы дүкендермен қамтамасыз ету».

Алматы облысы, Қаратал ауданы филиалының директоры – Фархат Құсайыновтың айтуынша «Atameken Zhetysu» микроқаржы ұйымы арқылы бүгінгі күні әр түрлі бағыттағы 10 астам жоба қаржыландырылды.

«Микроқаржы ұйымы арқылы несиелендіруге «Бастау Бизнес» оқыту жобасын аяқтаған кез келген қатысушы үміткер бола алады. Әрбір жоба біздің сүйемелдеуімізде. Кәсіпкерлерге құжаттарды жинаудан бастап, қаражат алғанға дейін жан-жақты қолдау көрсетеміз. Шағын несиені мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға, басқа салаларға 5 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген шарттармен беріледі. Басты ерекшеліктің бірі — кепілдікпен қамтамасыз етуге шектеу жоқ. Жеңілдетілген несие алуға үміткерлер аудандық кәсіпкерлер палатасына келіп, осы жерде өтініш қалдыра алады» — деді Фархат Құсайынов.

Алматы облысында кәсіпкерлерді қолдау Атамекен ҰКП Алматы облысы өңірлік филиалының бастамасымен «Бизнестің түйткілді мәселелері» атты өткен ашық және шынайы пікірталас түріндегі жиын ұйымдастырылды. Кездесуге Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандарымен қатар Текелі, Талдықорған қалаларының кәсіпкерлері, облыстық бизнес-қоғамдастық өкілдері және жергілікті билік өкілдері қатысты.

Қатысушылар инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі мәселелер, кәсіпкерлерге берген субсидияны қайтару, мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі, тариф құны, сертификаттау және сот дауына көмек көрсету туралы мәселелер қарастырылды. Барлығы 22 жазбаша және ауызша мәселелер мұқият тыңдалып, қажетті мекемелерге нақты тапсырмалар аудандық және облыстық сипаттағы мәселелер ретінде хаттамаға енгізілді. Республикалық деңгейдегі мәселелер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Бас прокуратураға жолданды.

Кәсіпкерлер қауымы өздерін толғандырып, көптен бері шешімін таппай жүрген сұрақтарын билік өкілдеріне қойып тұшымды жауаптар алды.

«Біздің басты міндетіміз прокуратура, әкімдіктер және басқа да органдармен бірлесе отырып бизнес өкілдерінің жолында туындаған түйткілді мәселелер мен кедергілерді қашанда оңтайлы шешу, сонда ғана елімізде бизнес өркендеп өседі» — дейді Алматы облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Ләззат Алтынбекқызы.

 

  Қобланды АБЕНОВ.