Ақтөбедегі тікұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: ТЖМ

Ақтөбедегі тікұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

«Ақтөбе облысындағы аэродром аумағында оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде МИ-8 тікұшағы қатты қонып, артынша отын бактары өртенген. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында тергеу органдары жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады ҚР ІІМ ӘТД Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы.

Өртке оранған тікұшақтан аман қалғандар Ақтөбе қаласындағы стационарда жатыр. Олардың жағдайы тұрақты әрі ауыр деп бағаланды.

«Науқастар ес-түсін біледі, сұрақтарға жауап береді», – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сарыжар ауылында тікұшақтың құлағаны туралы хабар 103 қызметіне 9 қараша күні сағат 11:36-да түскен. Оқиға орнына Мартөк аудандық ауруханасының жедел жәрдем бригадасы барып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Бір зардап шегуші 103 қызметі келгенге дейін көз жұмған.

«Ақтөбеге келген кезде әуежайда зардап шеккендерді екі реанимациялық бригада қарсы алды. Екі адамды күйік шалған. Олар облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта науқастар жансақтау бөлімінде, диагностикалық шаралар жүргізіліп жатыр», – деді басқарма өкілдері.