Қазіргі таңда өндірістік қуаты 52 000 текше метр болатын «МАЭК» ЖШС тәулігіне шамамен 46 000 текше метр ауыз су өндіреді. Ауыз су өндірісінің төмендеуіне күннің күрт ысуы мен тұшытатын теңіз суы температурасының күрт жоғарлауы әсер етуде, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Ауа температурасы 40-42 градус Цельсий деңгейінде тұр. Теңіз суының температурасы да көтерілді. Мұның бәрі суды тұшытудың технологиялық процесіне әсер етіп, өндіріс көлемін азайтады. Сондықтан әкімдік кесте бойынша желілердегі су қысымын төмендету туралы шешім қабылдады. Су көлемі ұлғайғаннан кейін кестемен су беру тоқтатылады. Бұл уақытша қабылданған мәжбүрлі шара», — деді «МАЭК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәбит Желкушинов.
Ыстық ауа-райы ауыз суды тұтынудың артуына да әсер етті. Орталық сумен жабдықтау желілерінде ауыз су деңгейін тұрақтандыру мақсатында қаланың барлық көлік жуу орталықтарының жұмысына уақытша шектеу енгізілді. Айта кетейік, Ақтауда 72 көлік жуу орталығы тіркелген.
Жергілікті тұрғындар тым болмаса қала басшысы шағынаудандарға ауыз су жеткізілуін қамтамасыз етеді деген үмітте.
“Үш жыл болды әр жазда су проблема. Сол үш жылда қайта-қайта жөнделіп жатыр. Егер шынайы жаны ашитын болса, осы халықты неге бір емес, үш водовозбен қамтамасыз етпейді? Біз де адамбыз ғой олар сияқты, дұрыс емес пе”, – дейді ашынған ақтаулық тұрғын Гауһар Башиева.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтау тұрғындары үйлерінде ауызсу болмауына байланысты 19-шағынаудандағы жолды тағы жауып тастаған еді. Тұрғындардың жолға шығып, қоршап алған видеоның үзінділері әлеуметтік желілерде тарады. Маңғыстау облыстық Полиция департаменті бұл деректі растаған.
ПІКІР ЖАЗУ