Қазақстанда енді сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тек жемқорлардың өзіне емес, олардың туыстарына да бағытталған қатаң шара қолдану ұсынылуда. Егер туыстардың атына жазылған мүліктің заңды жолмен алынғаны дәлелденбесе, ол мемлекет меншігіне өтеді. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Марат Башимов көтеріп, Бас прокурор Берік Асыловқа тиісті хат жолдады, деп хабарлайды
ozgeris.info сайты
Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Депутат Facebook парақшасында бұл ұсыныстың алдағы уақытта Мәжілісте бірінші оқылымда қаралатын “ақшаны заңдастыруға қарсы күрес” туралы заң жобасына енгізілетінін жазды. Оның айтуынша, құжатқа халықаралық FATF (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) ұйымы ұсынған 100-ден аса өзгеріс пен түзету енгізілген.
“Кеңейтілген тәркілеу институты — еліміз үшін өте өзекті мәселе. Себебі Қазақстанда соңғы жылдары ұрлық пен жемқорлықтың көлемі орасан болды. Сондықтан мен бұл норманы заңға енгізуді қолдау үшін Бас прокурорға арнайы хат жаздым”, — деді Башимов.
Оның пікірінше, әлемнің көптеген елдері FATF ұсынымдарын әлдеқашан заңнамаға енгізіп қойған. Ал Қазақстанда бұл үдеріс түрлі мүдделі топтардың, әсіресе олигархтардың қарсылығы себебінен баяу жүріп жатыр.
“Қазір көптеген шенеуніктер өздерінің активтерін туыстарының, көңілдестерінің не үшінші тұлғалардың атына аударып, жауапкершіліктен оңай құтылып жатыр. Сотталғанымен, олар ештеңеден айырылмайды. Ертең бостандыққа шыққан соң сол байлықты қайта пайдаланады”, — деп түсіндірді депутат.
Оның айтуынша, “кеңейтілген тәркілеу” тетігі тек адамның мүлкінің қайдан келгенін дәлелдей алмаған жағдайда ғана қолданылмақ.
“Механизм мынадай: қылмыстық іс қозғалған адамнан оның өзге мүлкінің қайдан және қалай алынғанын дәлелдеуді сұрайды. Егер ол нақты дәлел ұсына алмаса, онда бұл мүлік тәркіленеді”, — деді Марат Башимов.