Жаңалықтар

Жалақы өсімі көштен қалды. Неге?

Қазақстан экономикасы 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 6%-ға өскенін жаздық. Жақсы жаңалық сияқты, иә? Бірақ бұл өсім халықтың қалтасына қалай әсер етті? Міне, қызық жері осы – нақты жалақы бар болғаны 1,2%-ға ғана артқан. Halyk Finance сарапшылары бұған алаңдаулы. Себебі өткен жылы бұл көрсеткіш 2,1% болған, ал биылғы өсім одан да баяу. Халықтың қалтасы экономикадағы өсім қарқынын сезбей отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Halyk Finance сарапшылары бұл жағдайды бірнеше фактормен түсіндіреді. Негізгі себеп – номиналды жалақының баяу өсуі мен инфляцияның әсері. Өткен жылы инфляцияның төмендеуі жалақының шынайы өсіміне оң әсер еткен еді. Адамдар бағалар өсіп жатса да, табыстарының шынайы құнын сақтап қала алды. Ал биыл инфляцияның әсері әлсіреп, нақты табыс баяулап қалды.  Енді жалақы өсіміне келейік. Бұл жерде де әділдік жоқ. Кейбір салаларда жалақы аспандап кетсе, басқаларында, керісінше, төмендеген.  Halyk Finance сарапшысы Арслан Ароновтың айткынша, кейбір салаларда жағдай тіптен мүшкіл.
– Елдегі жалақы өсімінің көшбасшылары мен артта қалғандары анық. Ауыл шаруашылығы саласында жалақы 7,2%-ға, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында 6,1%-ға, саудада 5,9%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларында 4,8%-ға, өнеркәсіпте 4,4%-ға өсті. Бұл салаларда жұмыспен қамтылғандар табысын арттырды. Бірақ барлығы бірдей қуана алмады. Денсаулық сақтау (-2,9%), білім беру (-3,0%), қонақ үй және мейрамхана қызметтері (-4,7%), құрылыс (-7,2%) салаларында жалақының төмендеуі жалғасты. Әсіресе әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында жағдай мүшкіл – мұнда жалақы 8,3%-ға азайған. Бұл саладағы қызметкерлер ұзақ уақыттан бері еңбектерінің лайықты бағаланбауымен бетпе-бет келеді, –  дейді ол.
Айтпақшы, мұнда бір қызық факт бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында елдегі орташа номиналды айлық 423 133 теңгені құрады. Бір қарағанда жаман емес сияқты. Бірақ бұл орташа көрсеткіш. Шын мәнінде, халықтың тең жартысы бұдан әлдеқайда аз табыс табады. Медианалық жалақы – яғни, елдегі халықтың жартысынан көбі алатын айлық – небәрі 300 307 теңге. Айырмашылық бар ма? Әрине бар. Бұл жағдайға сарапшылар «Теңгерімді даму үшін ресурстарды халық көп шоғырланған салаларға бағыттап, еңбек өнімділігін арттыру қажет. Сонда ғана ел экономикасының өсуі халықтың тұрмыс деңгейіне нақты әсер етеді» деп отыр.
–  Жалақы өсімінің баяулауының бірнеше себебі бар. Ең бірінші, еңбек өнімділігі төмен. Көптеген салаларда жұмысшылардың кәсіби біліктілігі жеткіліксіз, бұл өнімділікті шектейді. Екіншіден, экономикалық теңсіздік күшейе түсті. Экономикалық өсімнің пайдасы негізінен бірнеше салаға ғана тиеді, ал басқалары артта қалып отыр. Үшіншіден, инфляцияның әсері сезілуде. 2023 жылы инфляция 20,3%-дан 9,8%-ға дейін төмендегенімен, бұл бағаның шынайы төмендеуін білдірмейді. Тек олардың өсу қарқыны баяулаған, –  дейді А. Аронов.
Алайда қазіргі жағдай бұл кеңеске кереғар сияқты. Экономика өсуде, бірақ оның жемісі тек кейбіреулерге ғана тиіп жатыр. Мысалы, IT саласында жүргендерге. Ал дәрігерлер мен мұғалімдер бұрынғысынша шама-шарқымен күнелтіп жүр. 2026 жылдан бастап Қазақстанда жоғары табыс табатындар үшін салықтар да артуы мүмкін. Жаңа Салық кодексі осыны қарастырып жатыр. Бірақ әзірге жалақы өсімі экономика өсімімен қатар жүрмей тұр.        
Барлық жаңалық