Күні кеше TikTok пен Instagram-да видео салып, YouTube-та влог жүргізу хобби ретінде қабылданатын. Ал қазір бұл – нағыз табыс көзі. Әлеуметтік желілер тек көңіл көтеру құралы болып қоймай, бүгінде нақты экономикалық кеңістікке айналды, деп сараптайды Ozgeris.info.
TikTok – қаржы көзі
Қазақстанда интернет қолданушылар саны 18 миллионнан асты. Халықтың 92 пайызы желіге тұрақты түрде қосылады. Олардың 75 пайызы әлеуметтік желіні белсенді пайдаланады. Бұл – жай ғана статистика емес, жаңа нарық пен жаңа өмір салтының көрінісі. Контент жасаушылар кімдер және қалай табыс табады? Желіде табыс табудың түрлі жолдары бар: жарнама сату, эксклюзив контентке жазылым ұйымдастыру, өнім не қызмет ұсыну, демеушілік пен донат қабылдау. TikTok-та да, Instagram-да да осы тәсілдер қазір белсенді қолданылып жатыр. Алгоритмдердің қалай жұмыс істейтінін білген адам аз уақытта үлкен аудитория жинап, нақты табысқа шыға алады. Кейбір қолданушылар қаралымнан түсетін монетизацияны арттыру үшін арнайы жаңа парақшалар ашып, алгоритмдерге бейімделіп, бар күшін контентке салады. Соның бірі әлеуметтік желіде әнші ретінде танылған Арманбек Жәкейхан. Оның айтуынша, жазылушылар мен қаралым санына қарай табыс түседі. Мұнда бәрі заңды, тіпті салық төлеуге дейінгі жүйе қалыптасқан.Арманбектің жолы – қазіргі жастарға контент арқылы табыс табудың айқын үлгісі. Ол TikTok-тың қыр-сырын жақсы меңгеріп қана қоймай, YouTube платформасын да белсенді түрде пайдаланып жүр. Айта кетейік, YouTube-та монетизация жүйесі 2007 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді.– TikTok-та монетизацияның толық іске қосылмауы – біз үшін уақытша кедергі. Сол себепті көп қолданушы жаңа аккаунт ашып, монетизация баптауларын іске қосуға тырысады. Өйткені алгоритм кейбір парақшаларда монетизацияны қолдаса, енді бірінде мүлде мүмкіндік бермейді. Ал өзім алғашқы парақшамда тікелей эфирге шығып, көрермендерден виртуалды сыйлықтар алып, кішігірім табыс тауып жүрдім. Бірақ қазір негізгі күшті қаралымнан табыс табуға бағыттап, арнайы жаңа парақшамды дамытып жатырмын, – дейді ол.
– YouTube-та бәрі айқын әрі жүйелі. Қаралым мен жазылушы санына қарай нақты табыс түседі. Бұл – тұрақты әрі заңды табыс көзі. Менің YouTube-тағы контентім үнемі монетизацияланады. Бұл платформада жұмыс істеу оңай емес, бірақ беретін мүмкіндігі зор. Бұл – жай ғана онлайн табыс емес, шын мәнінде заңды кәсіптің бір түрі. Сондықтан мемлекет алдындағы салықтық міндетті де ұмытпау керек. Егер біз осы саланы кәсіби деңгейде дамытсақ, цифрлық экономикадағы орнымызды нақтылай аламыз, – деді Арманбек.
Табыс барда, салық бар
Біреу вайнер, біреу косметика сатады, енді бірі мотивациялық контентпен ақша табады. Бірақ табысты тіркеп, салық төлеу әр блогердің міндеті. 2023 жылы қабылданған заң бойынша әлеуметтік желі арқылы табыс табатындар 3–10% көлемінде салық төлеуі тиіс. Алайда, заң болғанымен, оны орындау жағы – әлсіз. Жүйе бар, талап бар, бірақ көпшілігі салықтық сауатсыздықтан немесе түсіндірменің жоқтығынан заңнан жалтарып отыр. 2024 жылдан бастап кез келген жарнамалық жазбаның астына «реклама» немесе «на правах PR» деген белгі қою міндеттелді. Қоймасаңыз – айыппұл бар. Бүгінде кімнің парақшасы бар – соның табысы бар. Біреу – вайнер, біреу – шолу жасайды, біреуі косметика, тағы бірі мотивация арқылы ақша табуда. Бірақ бұл табыс заң алдында қаншалықты ашық? 2023 жылы қабылданған «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы» заң – осы саладағы алғашқы нақты қадам. Енді әлеуметтік желі арқылы ақша тапқан адам 3–10% салық төлеуге міндетті. Алайда бұл заң іске енді-енді кірісе бастады. 2025 жылдың ақпанында Мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогердің 53,3 млрд теңге табысын жасырып, салық төлемегенін мәлімдеді. Бұл — шамамен 100 млн доллар. Бұл – ел экономикасына тиіп тұрған көлеңке ғана емес, тұтас қалыптасқан индустрия.«Ешкімге жеңілдік жасалмайды», – деп нақты айтты Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.Осыдан кейін 15 блогерге 1,5 млрд теңге қосымша салық салынып, 75 млн теңге бюджетке қайтарылған. Тағы 850-ге жуық блогерге ескерту жасалып, 360-ы өз еркімен 256 млрд теңге салық төлеген. 2024 жылдан бастап кез келген жарнамалық посттың астына «реклама» немесе «на правах PR» деп белгі қою – міндет. Бұзғандарға айыппұл бар – 57 мыңнан бастап, жарты миллион теңгеге дейін. Бірақ басты мәселе заңда емес, түсіндірудің аздығында. Көп блогер салықтық жүйені түсінбейді, қорқады немесе қайдан бастарын білмейді. Қолдау мен ақпарат әлі де жеткіліксіз.
Ештеңе де бақылаусыз қалмайды
Жасыратыны жоқ, кейбір желі қолданушылары табысын көрсетпей, көлеңкелі кіріске айналдырып жатады. Кейде жалған жарнама келісімшарттары арқылы табыс заңды кіріс сияқты көрсетіледі. Кейде криптовалюта түрінде төлем алынып, еш жерде тіркелмей кетеді.Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, заңсыз ақша табу үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады.
– Бірінші кезекте мұндай әрекет заңсыз табыс немесе ақшаны жылыстату деп аталады. Яғни,қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңды ақша ретінде көрсетіп, айналымға енгізу әрекеті. Бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі – орналастыру. Заңсыз жолмен алынған ақша алдымен қаржы жүйесіне енгізіледі. Мысалы, кәсіпкерлік табыс ретінде көрсетілуі мүмкін. Екінші кезең – қабаттастыру. Бұл кезеңде ақша бірнеше қаржылық операция арқылы өткізіледі. Нақты қайдан келгенін жасыру мақсатында шетелге аударылады немесекриптовалютаға айналуы мүмкін. Үшінші кезең – интеграция. Соңында бұл ақша заңды кәсіпке немесе жеке тұтынуға жаратылады. Мысалы, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе инвестиция салуға пайдаланылуы мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.
Осы орайда көкейге заңды бір сұрақ келеді: әлеуметтік желілерде бұл үдеріс қалай жүзеге асады?Мысалы, монетизация, жарнама немесе демеушілік төлемдері түрінде түсетін қаражат сырт көзге заңды табыс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында заңсыздық менмұңдалайды. Бірқатар жағдайда әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы жалған жарнамалық келісімшарттар жасалады. Осы келісімдер арқылы көлеңкелі табыс заңды ақша сияқты айналымға енеді. Экономист Бауыржан Ысқақтың сөзінше, кейбір контент жасаушылар төлемді криптовалюта арқылы алып, оны жасырып отыруы мүмкін.
Сырттай бәрі заңды көрінгенмен, мұндай тәсілдер – салық органдарының бақылауынан тыс қалып отыр. Бұл әсіресе жас аудиторияға бағытталған контент жасаушылар арасында жиі кездеседі. Қазір цифрлық табыс көздері күрделеніп барады. Салық органдары арнайы тізім жасап, зерттеу жүргізіп жатса да, бұл саланы нақты реттейтін жүйе әлі толық іске қосылған жоқ.– Мұндай тәсілдермен табылған табыстар салық органдарына көрсетілмейді. Бұл жағдай әсіресе жас аудиторияға бағытталған контент иелерінің арасында жиі кездеседі. Қазір цифрлық платформалардағы табыс көздері күрделеніп, бақылау мен салық есебін жүргізуді қиындатып отыр. Бізде де әлеуметтік желілер арқылы табыс табатындар арасында салықтан жалтару немесе табысын жасыру сияқты заң бұзушылықтар жиі кездеседі.Сондықтан цифрлық табыс көздерін реттеу мен бақылау тетіктерін жетілдіру қажет, – деп отыр экономист Б. Ысқақ.
– Шетелдік тәжірибеге тоқталсақ, біршама ел бұл мәселені заң және техника тұрғысынан нақты шешіп үлгерген. Мысалы, АҚШ-та блогерлер мен контент жасаушыларға арнайы салық формалары енгізілген. TikTok, YouTube табыстары арнайы 1099 формасы арқылы есепке алынады. Сонымен қатар криптовалюта арқылы келген табыс та міндетті түрде салыққа ілінеді. Еуропалық Одақ елдерінде 2020 жылдан бастап DAC7 директивасы күшіне енді. Осыған сәйкес, YouTube, TikTok сияқты платформалар пайдаланушылардың табысы туралы ақпаратты автоматты түрде салық органдарына жіберіп отыруы тиіс. Сингапур, Корея, Жапония сияқты елдерде әлеуметтік желі қолданушыларының табысы арнайы салық кодтарымен тіркеліп, заңды есепке алынады. Бұл елдерде ақшаны жылыстатуға қарсы заңдар өте қатаң жұмыс істейді. Осы ретте бізде де Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, блогерлер мен контент жасаушылар үшін нақты ережелер мен талаптар белгіленуі керек деп есептеймін, – дейді экономист.