Бюджет дефициті қоғамдағы өзекті мәселеге айналды. Осыған орай мәжіліс депутаттары мемлекет қазынасын толтырудың маңызды әдісімен бөлісті. Олардың айтуынша импорт мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Бұл сала реттелмеген, сондықтан бюджет үшін ғана емес, отандық өндірушілер үшін де кедергіге айналды.
Депутат Азат Перуашевтің мәліметінше, шетелдік платформалар 200 еуроға дейінгі тауарды кедендік төлемнен босататын ережені пайдаланып, ҚҚС мүлде төлемейді. Осылайша, 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 млрд теңгеге тауар жеткізіп, бюджетке бар-жоғы 24 млрд теңге төлеген. Бұл айналымның 4,8%-ын ғана құрайды. Яғни, олар толықтай кедендік баж төлемдерінен босатылған, одан бөлек жалпыға бірдей міндеттелген қосымша құн салығын төлемейді. Салдарынан бюджетке қосатын үлесі көк тиын, кесірін отандық бизнес тартып отыр.
Нәтижесінде, ҚҚС төлеуден босатылған шетелдік маркетплейстер мемлекет бюджетіне 60 млрд теңгеден астам шығын әкелді. Бұған өндірістегі жұмыс орындарынан түсетін жеке табыс салығының (ЖТС) шығындарын да қосу қажет.
Сарапшылардың мәліметінше, қазақстандық маркетплейстердің осындай импорттық тауарлар бойынша салықтық жүктемесі 16,3%-ды құрайды, яғни 4 есе жоғары. Қазақ кәсіпкерлері 16,3 пайыздан 62 пайызға дейінгі салық ауыртпалығын (ҚҚС, корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, кедендік баждар, сертификаттау және т.б.) арқалауға мәжбүр.
Сарапшылардың есебі бойынша, егер осы 505 млрд теңгенің тауарлары қазақстандық платформалар арқылы сатылған болса, бюджетке 24 млрд емес, 136 млрд теңге түсетін еді. Оның ішінде 82 млрд теңге ҚҚС және кедендік баждар, ал 54 млрд теңге – өндірісте жұмыс істейтін 46 мың қызметкердің жеке табыс салығы болар еді.
Біздің ел Temu, Amazon мен AliExpress сияқты Қытайдың онлайн-алаңдары үшін жұмақ мекенге айналған. Олар елімізде физикалық түрде тіркелмегендіктен, біздің заңнамаға сәйкес салықтар мен баждарды төлеуден жалтарып келеді. Бұл әділетсіз бәсекелестік.
"Біз бұл жағдайды сауда саласындағы үлкен әділетсіздік және оқылық деп санаймыз. Электрондық коммерция көлемі әр екі жыл сайын өсіп келеді. Демек, биылдың өзінде шетелдік маркетплейстерден бюджетке түспей қалған қаражат 250 млрд теңгеден асады. Бұл отандық кәсіпорындарды ығыстыру және жұмыс орындарын жабу салдарынан туындап отыр", - делінген депутаттық сауал хатында.
“Qaztech” қауымдастығының болжамы бойынша, егер мемлекет бұл мәселені реттемесе, 2029 жылға қарай қазақстандықтардың 50%-дан астамы шетелдік маркетплейстерге ауысуға мәжбүр болады. Бұл жергілікті өндірушілердің үлесінің күрт төмендеуіне алып келеді. Салдарынан бюджет триллиондаған шығынға ұшырайды.
Бұл мәселені шешу үшін көптеген елдер реттеу механизмдерін енгізіп жатыр.
Мысалы, Еуропалық Одақ 30% кедендік бажды енгізуді қарастырып жатыр. Сонымен қатар Қытай маркетплейстерін қосымша құн салығын төлеуге міндеттемек. Бұл жергілікті және шетелдік компаниялардың тең жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Үндістан шетелдік маркетплейстер үшін жергілікті компаниялармен серіктестік орнату және салықтар мен баждарды төлеу бойынша міндеттемелерді енгізді. Бұл бюджеттік түсімдердің ұлғаюына және жергілікті бизнесті қорғауға ықпал етті.
Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы мыналарды ұсынады:
Біріншіден, Қазақстан нарығында жұмыс істегісі келетін шетелдік маркетплейстерді біздің салық органдарына міндетті түрде тіркеуді талап ету керек.
Екіншіден, Үндістан тәжірибесі бойынша шетелдік маркетплейстер үшін қазақстандық платформалармен және өндірушілермен ынтымақтастық орнату міндетін қарастыру.
Үшіншіден, олар еліміздегі тұтынушылардан түскен кірістеріне НДС және басқа да төлемдерді рәсімдеуі тиіс.
Төртіншіден, шетелдік сауда платформалары арқылы жүзеге асырылатын бажсыз сауданың шекті мөлшерін төмендету немесе мүлдем алып тастау мәселесін қарастыру.
Бесіншіден, отандық электронды сауданы қолдау шараларын кеңейтіп, халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп жұмыс істеуге, қызмет пен логистиканы жеңілдетуге жағдай жасау қажет.
Ұсынылған шаралар бюджет шығыстарын оңтайландырады, контрабанда мен сыбайлас жемқорлықты азайтып, «сұр» импортқа толыққанды салық салумен қатар, бюджет тапшылығын айтарлықтай қысқартуға және салық реформасы төңірегіндегі дауларға нүкте қояды.
Айта кетейік, шетелдік маркетплейстер цифрлық салықты 2022 жылдан бастап төлеп келеді. Ол электронды платформалар мен интернет-ресурстар арқылы тауарлар мен қызметтерді сататын шетелдік ұйымдарға қолданылады. Сатып алушының тұрғылықты мекенжайы Қазақстанда болса және төлем жасалатын банктік шот ел ішінде ашылған жағдайда ғана бұл салық тауарлар мен қызметтерді онлайн сату кезінде алынады.
2024 жылдың соңына қарай Қазақстанда онлайн қызметін жүзеге асыратын 98 шетелдік компания тіркелген. Олардың ішінде Alibaba, Aliexpress, Apple, Google, Huawei, Netflix, Pinduoduo, Temu және басқалары бар.