Алматы қаласының соты Халық банкі пайдасына шешім шығарып, ірі көлемдегі қарызды өндіріп алу туралы үкім қабылдады. Іс бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың інісі Дулат Қожамжаров мен оған тиесілі компанияларға қатысты болған деп хабарлады ozgeris.info сайты BES.media порталына сілтеп.
Сот шешімімен банк талап арызы толық қанағаттандырылып, қарыз сомасы мен кепілге қойылған мүліктерді өндіріп алу туралы қаулы шығарылды. Іс бұған дейін тараптардың келісімге келу мүмкіндігіне байланысты уақытша тоқтатылғанымен, нәтижесінде берешекті толық қайтару туралы шешім қабылданған.
Құжаттарға сәйкес, «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation» (HILL) және оған қарасты бірқатар компаниялармен бірге Дулат Қожамжаровтан 2015 жылғы несие желісі бойынша 2,27 млрд теңге және 44,8 млн еуро көлемінде қарыз өндіріледі. Сонымен қатар жауапкерлер 70 млн теңгеден астам мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттелді.
Бұдан бөлек, қосымша 272 млн теңге қарыз және 8 млн теңгеден астам баж салығы өндірілмек. Жалпы алғанда, тек теңгемен есептегенде қайтарылуы тиіс сома 2,5 млрд теңгеден асады.
Сот шешімінде кепілге қойылған мүліктердің нақты тізімі де көрсетілген. Олардың қатарында Өскемен қаласындағы өндірістік нысандар, Шымкент пен Алматыдағы тұрғын үйлер бар.
Ең ірі активтердің бірі — Шымкент қаласындағы «Оңтүстік индустриалды» аймағында орналасқан ірі өндірістік кешен. Оның құрамына әкімшілік ғимараттар, өндірістік цехтар, қоймалар, инфрақұрылым нысандары және теміржол желісі кіреді. Бұл кешеннің бастапқы бағасы 9,1 млрд теңге деп белгіленген.
Сонымен қатар HILL компаниясына тиесілі 1359 бірлік техника мен жабдық та тәркілеуге жатады. Олардың жалпы құны шамамен 5,49 млрд теңгені құрайды.
Жалпы алғанда, ең ірі кепіл мүліктерінің құны 14,6 млрд теңгеден асады.
Қазіргі уақытта жауапкерлерге бір ай ішінде апелляциялық шағым түсіру құқығы берілген.