60 жастан кейін жұмыс істеуге бола ма?

60 жастан кейін жұмыс істеуге бола ма?

Дамыған елдердің зейнетақы жүйесі жаңа кезеңге өтті. Бұрын негізгі мәселе – зейнетке шығу жасы болса, қазір басты сұрақ өзгерді. Адамдар 60 жастан кейін шынымен жұмыс істей ме? Экономист Руслан Сұлтановтың талдауынша, дәл осы фактор алдағы онжылдықтарда зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын айқындайтын негізгі көрсеткішке айналып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Әлем бойынша халық қартаю үрдісі күшейіп келеді. 65 жастан асқан адамдар саны жұмыс істейтіндерге қарағанда әлдеқайда жылдам өсіп жатыр. Бұл зейнетақы жүйесіне түсетін қысымды арттырады. Көптеген мемлекеттер бұл мәселені зейнет жасын көтеру арқылы шешуге тырысуда. Алайда OECD-нің соңғы есебі бұл тәсілдің шектеулі екенін көрсетеді.

«Зейнет жасын көтеру – сырт көзге қарағанда оңай шешім сияқты көрінеді. Бірақ бұл тек статистикалық көрсеткіштерді жақсартуы мүмкін, ал нақты өмірде мәселені шешпейді. Егер 60 жастан асқан адам еңбек нарығында жұмыс таба алмаса, зейнетті кешіктіру оның жағдайын жақсартпайды. Керісінше, тәуекел мемлекеттен адамның өзіне өтеді. Яғни жүйе адамға: «сен ұзақ жұмыс істеуің керек» дейді, бірақ оған жұмыс ұсынбайды. Мұндай жағдайда адам табыссыз қалып, кедейлік қаупі күшейеді», дейді экономист Руслан Сұлтанов.

OECD деректеріне сәйкес, 55-64 жас аралығындағы адамдардың 65,5%-ы жұмыспен қамтылған. Ал 65-69 жас тобында бұл көрсеткіш 25,7%-ға дейін төмендейді. Бұл – орташа деңгей. Шын мәнінде елдер арасындағы айырмашылық өте үлкен. Мысалы, Солтүстік Еуропа мен Азияның дамыған елдерінде егде жастағы адамдар белсенді жұмыс істейді. Ал кей елдерде бұл көрсеткіш күрт төмендейді. Бұл айырмашылықтың түпкі себебі – еңбек нарығының дайындығы мен икемділігі.

OECD қарапайым заңдылықты көрсетеді: егде жастағы адамдар жұмыс істейтін елдерде зейнетақы жүйесі тұрақтырақ. Ал жұмыс таба алмайтын елдерде әлеуметтік тәуекелдер артады.

«Егде жастағы адамдар еңбек нарығынан ерте кететін елдерде бірнеше мәселе қатар жүреді. Біріншіден, зейнетақы жүйесі жарнаны жоғалтады. Екіншіден, адамдар табыстан айырылады. Үшіншіден, мемлекетке әлеуметтік жүктеме артады. Бұл тек жеке адамның мәселесі емес, бұл – бүкіл экономиканың мәселесі. Өйткені еңбекке қабілетті халық азайған сайын, өсім баяулайды, бюджетке түсетін қысым күшейеді», дейді сарапшы.

Қазіргі таңда зейнет жасы әлем бойынша өсіп келеді. Орта есеппен алғанда, ерлер 64,7 жаста, әйелдер 63,9 жаста зейнетке шығады. Ал бүгін еңбек жолын бастаған буын үшін бұл көрсеткіш 66-67 жасқа дейін көтеріледі. Кейбір елдерде болашақта 70 жасқа жетуі мүмкін. Алайда мәселе тек зейнет жасында емес. Негізгі проблема – 60 пен зейнет жасы аралығындағы кезеңде адамдардың еңбек нарығында сақтала алмауы. Бұл жерде бірнеше фактор әсер етеді: денсаулық жағдайы, кәсіби дағдылардың ескіруі, жұмыс берушілердің жас ерекшелігіне байланысты көзқарасы, сондай-ақ экономиканың құрылымы. Бірақ нәтиже бір – адамдар жұмыссыз қалады.

 

OECD есебі қаржылық ынталандырулардың да маңызды екенін көрсетеді. Көптеген елдерде зейнетке кеш шығу үшін бонус, ал ерте шығу үшін айыппұл бар. Алайда бұл тетіктер барлық жерде тиімді емес. Кейбір елдерде адамдар зейнет алып жүріп жұмыс істегенімен, олардың жаңа зейнетақы құқықтары қалыптаспайды. Бұл еңбек етуге деген ынтаны төмендетеді.

«Ең үлкен парадокстардың бірі – адам жұмыс істейді, жарна төлейді, бірақ оның болашақ зейнеті артпайды немесе өте аз өседі. Бұл жүйе адамға «еңбек ет» дейді, бірақ еңбектің нәтижесін толық бермейді. Мұндай жағдайда адамдар үшін ең қисынды шешім – ертерек зейнетке шығу. Яғни жүйенің өзі еңбекке емес, керісінше еңбек нарығынан кетуге итермелейді», дейді Руслан Сұлтанов.

Тағы бір маңызды мәселе – жұмыс пен зейнетті қатар алып жүруге қойылатын шектеулер. OECD елдерінің жартысында мұндай шектеулер сақталған. Бұл табыс лимиттері немесе зейнеттің қысқаруы сияқты тосқауылдар болуы мүмкін.

Ал мұндай шектеулер жоқ елдерде егде жастағы адамдардың жұмыспен қамтылуы айтарлықтай жоғары. Бұл еңбек нарығының икемділігі шешуші рөл атқаратынын көрсетеді. Сонымен қатар білім деңгейі де маңызды факторға айналып отыр. Жоғары білімді адамдар егде жаста да жұмысын жалғастыруға бейім. Ал білімі төмен азаматтар еңбек нарығынан ертерек шығады. Бұл әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді.

OECD деректеріне қарағанда, алдағы жылдары бұл мәселе одан әрі ушығуы мүмкін. Кейбір елдерде жұмыс күші 30–35%-ға дейін қысқаруы ықтимал. Мұндай жағдайда егде жастағы адамдардың жұмыспен қамтылуы тек әлеуметтік емес, экономикалық тұрақтылықтың басты факторы болады.