Махмұд Сабырхан Азия чемпионатының жартылай финалына өтті

Махмұд Сабырхан Азия чемпионатының жартылай финалына өтті

Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионаты аясында қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан кезекті жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

55 келі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз ширек финалда өзбекстандық Шахзод Мұзафаровпен кездесті. Бір-бірін жақсы танитын қарсыластар бұл жолы да тартысты айқас өрнегін көрсетті.

Жекпе-жек алғашқы секундтардан-ақ жоғары қарқынмен басталып, екі боксшы да ашық стильде жұдырықтасты. Нәтижесінде қазақстандық былғары қолғап шебері 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Махмұд Сабырхан жартылай финалға шығып, кем дегенде қола жүлде алады. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Төрехан Сабырхан да жартылай финалға жолдама алған еді. Сондай-ақ 4 боксшымыз жарыс жолын бірден 1/2-финалдан бастайды. Бұдан бөлек 1/4 финалда тағы 11 қазақстандық былғары қолғап шебері сынға түседі.