Қазақмыс корпорациясы Жамбыл облысындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Соның аясында Шу қаласы мен Бірлік ауылында заманауи модульдік спорт залдары пайдалануға берілді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жоба Қазақстан халқына қоры және облыс әкімдігімен серіктестік негізінде іске асырылған. Құрылысқа салынған инвестиция көлемі 346 млн теңгені құрады.
Жаңа нысандар жыл бойы жұмыс істеуге бейімделген және тәулігіне шамамен 100 адамға спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Спорт залдары футбол, волейбол және баскетбол сияқты командалық ойындарға арналған.
Аталған жоба 40 мыңнан астам тұрғыны бар Шу қаласындағы спорттық инфрақұрылым тапшылығын азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар Бірлік ауылының шамамен 5 мың тұрғыны үшін, әсіресе қыс мезгілінде, спортпен тұрақты айналысуға жағдай жасалған.
Нысандарды жобалау барысында балалар мен жасөспірімдерге, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолжетімділік мәселесіне ерекше мән берілген.
Спорт кешендерінің ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қор мүшелері және өңір тұрғындары қатысты.
Бұл бастама Қазақмыс корпорациясының өз қызметі жүргізілетін өңірлерді дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі саналады. Жамбыл облысында аталған жобалар Шу ауданы әкімдігімен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылып келеді.
Компания әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді абаттандыру және халықты қолдау бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.
2023 жылдан бері өңірдегі әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі 1,7 млрд теңгеге жеткен. Осы уақыт ішінде спорт және балалар алаңдары салынды, елді мекендерді көркейту жұмыстары жүргізілді және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетілді.
Қазіргі таңда Қазақмыс спорт және білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша жобаларды одан әрі жалғастыруда.