СҚО-да жол апатынан екі учаскелік полиция инспекторы қаза тапты

СҚО-да жол апатынан екі учаскелік полиция инспекторы қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында қайғылы жол апаты салдарынан екі учаскелік полиция инспекторы қаза тапты, деп жазады ozgeris.info сайты.

 

6 қыркүйекте Чистополь – Шөптікөл бағытындағы тасжолда Chevrolet Cobalt пен Toyota Camry көліктері соқтығысып, екі адам оқиға орнында жан тапсырған.

 

СҚО Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, марқұмдар – қызметтік міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлері. Олардың апат кезінде ішімдік ішпегені нақтыланды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

 

Қаза тапқандар:

– полиция майоры Владимир Синицын,

– полицияның аға лейтенанты Даулетхан Қазыхан.

 

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Министр олардың есімдері ішкі істер органдары тарихында сақталатынын атап өтті.