Алматы облысында жол опырылды: қозғалыс уақытша шектелді

Алматы облысында жол опырылды: қозғалыс уақытша шектелді

Алматы облысында жолдың бір бөлігі опырылып, қозғалысқа шектеу қойылды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, Кеген – Нарынқол тасжолының 20-шақырымында еріген қар суларының әсерінен жер асты шайылып, жол опырылған. Оқиға 3 сәуір күні таңертең болған: тасқын су құбырды зақымдап, салдарынан жол жамылғысы бұзылған.

Компания өкілдері аталған учаске бұрын су басу қаупі бар аймаққа жатпағанын атап өтті. Бұл жол бөлігі мердігер ұйымның қарауында болып, онда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан.

Қазіргі уақытта жолда қозғалыс уақытша шектеліп, көліктер үшін топырақ жол арқылы айналма бағыт ұйымдастырылған. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.

Жақын арада қиыршық тас төселген уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр. Ал еріген сулар толық өткеннен кейін зақымданған құбыр мен жолдың жер төсемі қалпына келтіріледі.

Айта кетейік, 1960–1970 жылдары салынған бұл жолмен тәулігіне шамамен 500 көлік қатынайды.