Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін, 3 сәуірде айыпталушы соңғы сөзін айтты. Жақсылық Омар өзіне бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрап, айыппұл салуды өтінді.
Еске салайық, 31 наурызда өткен сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Ол ірі көлемде алаяқтық және пара алу деректері бойынша айыпталуда.
“Маған бәрін ой елегінен өткізуге жеткілікті уақыт болды. Ең қиыны – ештеңені кері қайтара алмайтыныңды түсіну. Мен мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше, өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлеймін. Түсіністік танытасыздар деп үміттенемін”, – деді Жақсылық Омар соттағы соңғы сөзінде.
Осыдан кейін судья үкім шығарылғанға дейін үзіліс жариялады.