Қазақстан Бас прокуратурасы қоғам белсендісі Санжар Бокаевқа қатысты күдік мән-жайын жариялады. Бұл туралы Сенаттағы брифинг барысында Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мәлімдеді деп жазды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, Бокаев ірі көлемде ақша қаражатын алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке ілінген. Сонымен қатар оған ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды деген айып тағылып отыр.
«Ол ірі көлемдегі қаражатты алаяқтық жолмен иемдену және ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру қылмыстарына күдікті», — деді Өтегенов.
Сондай-ақ журналистер тарапынан аталған құқықбұзушылықтардың қай кезеңде және қандай қызметте болғаны жөнінде сұрақ қойылған. Бұған жауап ретінде Бас прокурордың орынбасары бұл деректер Бокаев ұлттық компанияда жұмыс істеген кезеңге қатысты екенін айтты. Алайда тергеу аяқталғаннан кейін ғана толық ақпарат жарияланатынын жеткізді.
Бұған дейін Бас прокуратура Санжар Бокаевтың әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату арқылы қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысқанын хабарлаған. Атап айтқанда, ол қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кесу және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлау деректері туралы бейнематериалдар жариялағаны айтылған.
Қазіргі таңда күдікті ұсталып, сот шешімімен екі ай мерзімге қамауға алынған.