Нұрасыл Болат толық мерзімін өтеп, заңға сәйкес босатылды

Нұрасыл Болат толық мерзімін өтеп, заңға сәйкес босатылды

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат сот үкімімен тағайындалған жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады деп жазды ozgeris.info сайты.

Ведомство мәліметінше, Нұрасыл Болат белгіленген мерзімді толық өтеген және қолданыстағы заң талаптарына сәйкес босатылған.

Еске салсақ, ол бұған дейін бірнеше адамға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Аталған оқиға 2023 жылдың 10-11 ақпанына қараған түні Алматы қаласында болған.

Тергеу материалдарына сәйкес, сол кезде 20 жаста болған Нұрасыл Болат Esentai Mall маңындағы автотұрақта жанжал шығарып, кейін ерлі-зайыпты заңгерлерге күш қолданған. Оқиға оның қызбен арадағы жанжалына араласқан адамдарға қатысты орын алған.

Алғашында сот оған бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Алайда пробациялық бақылау талаптарын бұзғаннан кейін жаза түрі бас бостандығынан айыруға өзгертілді.

Осылайша, сот үкімімен белгіленген мерзімді толық өтегеннен кейін ол заңға сәйкес босатылды.