Ақтөбелік өзін атқан полицейді кешірді

Ақтөбелік өзін атқан полицейді кешірді

Ақтөбе облысында табельдік қарудан бірнеше оқ тиіп ауруханаға түскен Қандыағаш қаласының 36 жастағы тұрғыны өзін атқан туысына кешірім бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты КТК-ға сілтеме жасап.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек жәбірленушіге оның әйелінің ағасы оқ жаудырған. Күдікті Хромтау қаласының учаскелік инспекторының көмекшісі болып жұмыс істейді және аға лейтенант шеніндегі полицей өз күйеубаласын табельдік қарудан атқаннан кейін бірден қамауға алынды.

Жарақат алған азамат туыстар арасындағы қарулы қақтығыстың нақты неден шыққанын айтудан бас тартты. Алайда ол өзін атқан қайын ағасына ешқандай шағымы жоқ екенін және оның үстінен арыз жазуға ниетті еместігін жеткізді.

Қазіргі уақытта жапа шеккен ер адам санавиациямен Хромтаудан Ақтөбе қаласындағы №1 көпбейінді ауруханаға жеткізіліп, емін жалғастырып жатыр. Дәрігерлер оған тек отыруға рұқсат берген, ал жүруіне әзірге болмайды.

«Пациент жарақат бөлімшесінде жатыр, оған жамбас сүйектерінің, білегінің және екі өкпесінің көптеген біріктірілген атыс жарақаты диагнозы қойылды. Бүгінгі таңда науқастың жағдайы орташа ауырлықта, ол есін біледі, консервативті ем мен күнделікті таңу шараларын қабылдап жатыр», - деді Ақтөбе қаласындағы №1 көпбейінді аурухананың басшысы Қадырбек Иманбаев.

Аурухана палатасында түрін көрсеткісі келмеген жәбірленуші оқиғадан кейін алғаш рет тілдесіп, өзін едәуір жақсы сезініп қалғанын айтты.

«Қазір өзімді жақсы сезінемін, дәрігерлердің арқасында жансақтау бөлімінен шықтым. Жақында мені Ақтөбеге ауыстырды, мұнда укол мен жүйе қабылдап жатырмын және ешқандай шағымым жоқ. Маған келіп кешірім сұрады, мен туысымды кешірдім», - деді жәбірленуші.