Алматыда мас күйінде жол апатын жасаған ZEEKR көлігінің жүргізушісі қамауға алынып, қызметінде кемшіліктерге жол берген бірқатар жоғары лауазымды полиция басшысы жұмысынан қуылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 30 наурызда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында осы резонансты оқиғаны объективті түрде тексеруді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, сот шешімімен мас күйінде көлік басқарған ZEEKR жүргізушісін қамауға алды.
Бұдан бөлек бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі мен мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалып, оны министрліктің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр.
Оқиғаға объективті баға беру мақсатында Алматыға Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент өкілдерінен құралған арнайы комиссия барып, жұмысында кемшілік жіберген қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары мен әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшыларын қызметінен босатты.
Қаладағы жағдайды тұрақтандырып, тәртіпті күшейту үшін басқа өңірлерден қосымша полиция жасақтары алдыртылды. Кең ауқымды рейд барысында алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу дерегі анықталып, 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды. Тәртіп сақшылары мас күйінде көлік айдау, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір тағу және құжатсыз рөлге отыру сияқты өрескел заң бұзушылықтардың жолын кесіп, мұндай күшейтілген тексеру шараларын қазір бүкіл ел көлемінде өткізіп жатыр.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қоғамда таралған барлық ақпарат мұқият тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
«Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, сондықтан барлық кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылып, ешкім де мәртебесі мен лауазымына қарамастан жазадан жалтара алмайды», - деді министр.