Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Instagram парақшасында қыздарға деген ренішімен бөлісті. Спортшының айтуынша, соңғы үш-төрт жылда кездескен қыздардың көбі алғашқы таныстықтан кейін-ақ ақша сұрай бастайды. Бұл жағдай оны әбден шаршатқан көрінеді, деп жазады Ozgeris.info.
«Әлішер екеуміз жаттығудан келе жатырмыз. «Алматының сұлу, табысты, өз-өзін қамтамасыз ете алатын қыздары қайда?» деп бір-бірімізден сұрап қоямыз. Үш-төрт жылдан бері сондай қыздарды кездестіре алмай жүрміз. Кездесесің, үш күн сөйлескен соң ақша сұрай бастайды, бізді тонағысы келеді. Көрікті, табысты қыздар, сендер қайдасыңдар? Сендерді қайдан табамыз? Сондай қыздар қайда жүретінін айтыңдаршы», деп ашуланды Қуат Хамитов.
Спортшының бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде тез таралып, қызу пікірталасқа ұласты. Бірі оны қолдап, қазіргі қоғамда қаржылай тәуелсіз қыздарды табу қиын екенін алға тартса, енді бірі Хамитовтың пікірін сынға алды. «Мүмкін сен дұрыс жерден іздемей жүрген шығарсың?», «Ақша сұраған қыздардан аулақ жүр» деген пікірлер де көп болды.
Қуаттың бұл реніші қыздармен таныстықтың алғашқы күндерінде-ақ ақша мәселесінің көтерілетініне байланысты. Ол табысты, тәуелсіз, өз-өзін қамтамасыз ете алатын қыздарды іздейтінін айтса да, кездескен арулардың көбі қаржылай көмек сұраудан жалықпайды.
Айта кетейік, бұл Хамитовтың алғаш рет өз пікірін ашық білдіруі емес. Бұған дейін ол әлеуметтік желіде белгісіз бойжеткенмен түскен суретін бөлісіп, «қара Наймандар көбейетін сияқты» деп жазған. Бұл жазба да оқырмандар арасында түрлі болжам тудырды. Бірі оны қалжың деп қабылдаса, басқалары спортшының жақында үйленуі мүмкін деп топшылады.
Хамитовтың бұл шағымы қоғамда қызу талқыланып, «неге қазіргі қыздар тез ақша сұрайды?» деген сауал туындатты. Бұл тек спортшының жеке мәселесі ме, әлде бүгінгі әлеуметтік қарым-қатынастардың көрінісі ме? Бір нәрсе анық: Қуаттың жекпе-жек рингінен бөлек, қаржылық сұрақтармен де күресуге тура келіп тұр.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру