ҚҚС — 16%, тіркелу шегі — 40 млн. Ал “байлық” үшін салық арта түседі

nalog
digitalbusiness.kz

Үкімет жаңа Салық кодексінің жобасын жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі. Құжатта ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру және тіркелу шегін 40 млн теңгеге дейін арттыру көзделген. Вице-премьер Жұманғариннің айтуынша, бұл — бизнестің мүддесі ескерілген “келісімді нұсқа”.

Алайда жаңа кодексте ең көп талқыланатын өзгерістердің бірі — “көрнекті байлық” иелеріне қатысты.

Қымбат мүлік — қымбат салық

450 млн теңгеден асатын элиталы жылжымайтын мүлік иелеріне салынатын салық мөлшері ұлғаяды. Мұндай өзгеріс “әлеуметтік әділеттілікке” бағытталған.

Жеке ұшақ, яхта, қымбат көлік — салық саласында

75 млн теңгеден жоғары бағаланатын көліктерге акциз енгізіледі. Сонымен қатар яхта, тікұшақ, жеке ұшақ секілді қымбат көліктер де жаңа салық базасына енетін болды.

Сигара мен элиталық ішімдік — 10% қосымша акциз

Қымбат алкоголь өнімдері мен сигараларға қосымша салық енгізу ұсынылған. Үкімет бұл қадамды денсаулық сақтау мен салық түсімдерін арттыру мақсатында ұсынып отыр.

“Салық жүйесі жазалаушы емес, қызмет көрсетуші болуға тиіс”

Жаңа кодексте салықтық әкімшілендіруді жеңілдету көзделіп отыр. Жұманғариннің айтуынша, салық жүйесі “адамға бағытталған” болуы тиіс. Бірақ бұл тұжырымға қатысты қоғамда күмән де жоқ емес.

Құжат Мәжілісте бірінші оқылымда қаралды. Алдағы күндері ол кеңінен талқыланып, нақты шешімдер қабылданбақ.