Мәжіліс депутаты Марат Башимов сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында жаңа ұсыныс жасады. Ол Facebook парақшасында туыстардың атына жазылған мүлікті де тәркілеуге мүмкіндік беретін кеңейтілген тәркілеу институтын енгізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
«Кеңейтілген тәркілеу институты біздің ел үшін аса маңызды. Мұнша ұрлық әлемде болмаған. Сондықтан осы мәселе бойынша Бас прокурор Берік Асыловқа хат жолдадым», – деді депутат.
Башимовтың айтуынша, мұндай құқықтық норманың жоқтығы салдарынан Қазақстанда көптеген адам жауапкершіліктен оңай құтылып кетеді. Себебі олар иелігіндегі активтерді үшінші тұлғаларға жазып қояды.
«Ақшаны заңдастырумен күреске қатысты жылдар бойы қабылданбай келген шараларды енді қабылдайтын уақыт келді. Осы салада шынайы әділдік орнауы керек. Жұмыс жүріп жатыр», – деп түйіндеді жазбасын Марат Башимов.