Жаңалықтар

Мектеп оқушыларына жұмыс істеуге бола ма?

Қоғамда «жасөспірім еңбек еткеннен ештеңе етпейді» деген пікір жиі айтылады. Алайда Еңбек кодексі бұл мәселеге басқаша қарайды. Заң балаларға жұмыс істеуге рұқсат береді, бірақ ол рұқсаттың шекарасы нақты, қатаң. Міне, жаз да келді. Мектеп оқушылары жұмыс істеп бастайды. Осы үдеріске заң не дейтінін заңгер Алмаз Отаровтан сұрап білдік, деп сараптайды Ozgeris.info.

Жасөспірім – әлі толық қалыптаспаған тұлға. Оның денесі де, психикасы да даму үстінде. Сондықтан кез келген еңбек түрі оның болашағына әсер етуі мүмкін. Осыны түсінген заң балалардың еңбегін қорғауға баса назар аударады. Заңгердің айтуынша, Қазақстанда 14 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат. Бірақ бір шартпен – бұл еңбек оқудан бос уақытта ғана және жеңіл сипатта болуы керек.
– Заңда жасөспірімдердің еңбек етуіне нақты жас мөлшері, жұмыс уақыты, еңбек шарты мен жұмыс түріне қатысты бірқатар талап пен шектеу белгіленген. Бұл кездейсоқ емес. Жасөспірім – толық қалыптаспаған тұлға, оның ағзасы мен психикасы әлі даму үстінде. Сондықтан кез келген физикалық, моральдық және әлеуметтік қысым оның болашағына әсер етуі мүмкін. Заң осыны ескереді. 14 жастан бастап жұмыс істеуге болады, бірақ оқудан бос уақытта әрі денсаулығына зиян келтірмейтін, жеңіл еңбек түрі болуы шарт. Бұл жерде заң ата-ананың да жауапкершілігін ұмыт қалдырмайды. Ата-ана немесе заңды өкіл еңбек шартына бірге қол қоюы тиіс. Яғни баланың жұмыс істеуіне рұқсат беріп отырған тек мемлекет емес, сонымен қатар тікелей отбасылық келісім болуы керек. 16 жасқа толған жасөспірім еңбек шартына өзі қол қоя алады. Бірақ заң оның еңбек құқықтарын толық қорғайды. Жұмыс беруші жасөспірімге оның құқығы мен міндеттерін түсіндіріп, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама өткізуге міндетті. Әсіресе алғашқы жұмыс орны болса, талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс, –  дейді Алмаз.
Ол өз тәжірибесінен мысал да келтірді. 15 жастағы оқушы жазда нау­байханада көмекші ретінде жұмыс істеген. Алайда ол ауыр қамыр илеу, үлкен табақтарды көтеру сияқты физикалық ауыр жұмысқа тартылған. Бұл жағдай оның қолындағы буын жарақатымен және сабақ басталғанда мектепке кешігіп баруымен аяқталды. Мұнда жұмыс беруші еңбек заңын ғана емес, бала құқығын да бұзған. Осындай мысалдардан заңды білу мен сақтаудың маңыздылығы айқын көрінеді.
– Тағы бір маңызды мәселе – еңбек уақыты. Заң 14-16 жас аралығындағы балалар үшін аптасына 24 сағат, 16-18 жастағы жасөс­пі­рім­дерге 36 сағаттан аспауға тиіс екенін нақты көрсетеді. Бұл уақыт нормалары халықаралық стандарттарға да сай. Сондай-ақ түнгі жұмыс, вахталық әдіс, үстеме жұмыс, зиянды немесе моральдық тұрғыдан күмәнді ортадағы еңбекке араласуға да тыйым салынған. Тағы бір ерекше назар аударатын мәселе – жазбаша еңбек шартының міндеттілігі. Заңгер ретінде бұл тармақты өте маңызды деп есептеймін. Ауызша келісімдер көбіне жұмыс берушінің жауапкершілігінен жалтаруы­на әкеледі. Еңбек шарты болмаса бала еңбекақысын ала алмай қалуы, жара­қаттанса өтемақы талап ете алмауы мүмкін. Сондықтан ата-ана мен жасөспірім өз құқықтарын заңды түрде бекітіп алу керек, –  деп түсіндірді заңгер А. Отаров.
Барлық жаңалық