Танымал ұстаз Данияр Кенжеұлы әлеуметтік желідегі жазбасында коуч Розаның әйел құқығы тақырыбындағы контентіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, отбасылық мәселелерді көпшілік алдына шығарып, оны «әйел құқығын қорғау» ұғымымен байланыстыруға әрдайым біржақты қарауға болмайды.
«Роза қай әйелдің құқығын қорғады?» деген сауал қойған ұстаз әйелдің жанайқайын көпшілікке жеткізу мен қоғамдық мәселені контентке айналдырудың ара-жігін ажырату қажет екенін айтты.
Данияр Кенжеұлы қазіргі қоғамда әйел мәселесінің біртіндеп нарыққа айналып бара жатқанына да назар аударды. Оның сөзінше, әйелге өзінің бақытсыз екені, күйеуіне тәуелді екені қайта-қайта айтылып, кейін сол аудиторияға кітап, курс, сабақ және марафон ұсынылуы мүмкін.
Ұстаз бұл жерде әйелдің білім алуына, кәсіппен айналысуына немесе қаржылық тұрғыда тәуелсіз болуына қарсы емес екенін атап өтті. Алайда «аяғыңнан тік тұр» деген кеңес пен «еркекке сенбе» деген түсініктің арасы жер мен көктей екенін жеткізді.
Сонымен қатар ол әйел құқығы туралы сөз қозғағанда ер адамды автоматты түрде кінәлі тарап ретінде көрсетуге болмайтынын айтты.
«Зұлымдықтың жынысы болмайды» деген Данияр Кенжеұлы отбасындағы мәселені шешудің бір жолы ретінде тек «кет, ажырас» деген кеңесті ұсыну жеткіліксіз екенін алға тартты.
Ұстаздың пікірінше, әлеуметтік желідегі қаралым мен айқай-шудың артында ең маңызды сұрақтар қалып қояды: зорлық көрген әйел қайда барады, оның қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді, отбасын сақтауға мүмкіндік болса, мәселені кім сау жолмен реттейді және ажырасқаннан кейінгі өміріне кім көмектеседі?
Данияр Кенжеұлы сондай-ақ әр кезеңдегі отбасылық зорлық мәселесін тарихи және құқықтық жағдайды ескере отырып бөлек зерттеу қажет екенін айтып, бұл мәселеге эмоциямен емес, нақты дерекпен қарауға шақырды.
Осыған дейін Роза коуч ұстазды сотқа бермекші болған.