Жаңалықтар

Зейнеткерлерді қазақша сөйлеп арбаған: Қарасай ауданындағы кезекті алаяқтық

Зейнеткерлерді қазақша сөйлеп арбаған: Қарасай ауданындағы кезекті алаяқтық

Телефон арқылы арбайтын қаскөйлер халықты алдаудың жаңа деңгейіне көшті. Енді олар қазақ тілінде мүдірмей еркін сөйлейді. Түрлі мекеме қызметкері болып танысатын алаяқтар ешқандай акцентсіз тіл қатады. Жуырда Алматы облысы Қарасай ауданының егде жастағы тұрғындары осындай қулықтың құрбаны бола жаздады. Зейнеткерлер қылмыскерлердің айла-тәсілдерін жақсы білген. Дегенмен ана тілінде таза сөйлеген жандарға бірден сенім білдіріп қойған,  деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Жағдайды дер кезінде байқаған полиция қызметкерлері шұғыл шара қабылдады. Тәртіп сақшыларының жедел әрекеті арқасында тұрғындардың қаражаты аман қалды. Ешкім қаржылық шығынға ұшыраған жоқ. Осы оқиғадан кейін құзырлы орган өкілдері арнайы бейнематериал дайындады. Онда қаскөйлердің адамдарды жаңылыстыру үшін қолданатын амалдары мен түрлі сылтаулары толық көрсетілген. Бұл видео алдын алу мақсатында көпшілікке таратылды. Ол азаматтарға қылмыскерлердің құрығына түспеу жолдарын түсіндіруге бағытталған.

Жыл басынан бері Алматы облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы отызға жуық интернет-алаяқтық дерегіне тосқауыл қойды. Нәтижесінде талай азаматтың төл қаражаты сақталып қалды. Бұл бағыттағы жұмыстар ведомство басшысы Мейрам Әбікеевтің қатаң бақылауында тұр. Шаралар "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Полиция халықты барынша қырағы болуға шақырады. Бейтаныс адамдарға жеке деректерді беруге мүлдем болмайды. Ұялы телефонға келген құпия кодтар мен банк картасының мәліметтерін де жасырын ұстау шарт. Күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.

 

Барлық жаңалық