Қоғам

Зейнетақы мен жәрдемақы 10,5%-ға өседі

Қазақстанда әлеуметтік төлемдердің мөлшері тағы да өседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге 6,8 триллион теңге бағыттау жоспарланған, деп жазады Ozgeris.info.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл қаражаттың 622,6 миллиард теңгесі төлемдердің мөлшерін индекстеуге, ал 237,9 миллиард теңгесі алушылар санының артуына жұмсалады. 2025 жылмен салыстырғанда өсім 14,4 пайызды немесе 860,5 миллиард теңгені құрайды. Яғни, төлемдер көтеріледі, алушы да көбейеді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,6 миллионнан астам зейнеткер мен шамамен 2,3 миллион жәрдемақы алушы үшін зейнетақы мен жәрдемақы 10,5 пайызға индексацияланады. 

Индексация еңбек және базалық зейнетақыларды, мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайындағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, бала тууына және бір жарым жасқа дейінгі күтімге берілетін төлемдерді, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне, көпбалалы отбасыларға, І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын тұлғаларға және жерлеуге арналған төлемдерге қатысты болады. Яғни, бұл бір ғана санат емес, әлеуметтік көмектің барлық бағыттарын қамтитын индексация болмақ.

Бірақ бұл өсім өмір сапасына қаншалықты әсер етеді деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Себебі инфляция деңгейі ресми индексацияны жиі басып озады. 2024 жылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, коммуналдық қызметтердің, дәрі-дәрмек пен азық-түліктің бағасы айтарлықтай өсті. Сондықтан индексацияны жай көтерілу емес, өмір сүру деңгейінің нақты көрсеткішімен салыстыру қажет. Қарапайым есепке жүгінсек, 10,5 пайыздық өсім орташа зейнетақы алушы үшін 7-8 мың теңгеге ғана артуы мүмкін. Бұл өсім кейбір өңірде тек коммуналдық қызметтерге ғана жетуі мүмкін.

 

Барлық жаңалық