Жаңа жылдың басымен бірге әлеуметтік төлемдер дәстүрлі түрде қайта есептеледі. Бұл талап Әлеуметтік кодекстің 197-бабында бекітілген. Соған сәйкес, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақылар жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген мөлшерде ұлғаяды. 2026 жыл да бұл үрдістен тыс қалмайды.
«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, келер жылдан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері алынатын мөлшерден 10 пайызға артады. Ал базалық зейнетақының көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты өседі. Бұл, ең алдымен, төмен табысты зейнеткерлер үшін маңызды қолдау.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жаңа шектері белгіленеді. Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгеге, ал ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге жетеді. Айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болып бекітілсе, базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған күнкөріс деңгейі 50 851 теңге көлемінде айқындалды.
Осы индексацияның нәтижесінде 2026 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері базалық төлемді қоса алғанда 104 645 теңгені құрайды. Ал ең жоғары зейнетақы көлемі 238 412 теңгеге дейін өседі, оның ішінде базалық зейнетақы 60 005 теңге болады. Бұл сандар зейнеткерлер табысының инфляция қарқынынан қалып қоймауына бағытталған.
Сонымен қатар Үкімет қаулысымен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де қайта қаралды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдер алынатын мөлшерден 10 пайызға көбейтіледі. Бұл өсім 2026 жылға дейін тағайындалған төлемдерге де қолданылады.
Жалпы алғанда, 2026 жылға жоспарланған өзгерістер әлеуметтік төлемдердің сатып алу қабілетін сақтауға және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Мемлекет зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді кезең-кезеңімен арттыру арқылы азаматтардың күнкөріс деңгейін тұрақтандыруды көздеп отыр.