Елімізде жолаушы тасымалдау қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа ереже бекітілді. Бұдан былай жол көлік оқиғасы кезінде нақты жауапты тұлғаны анықтау әлдеқайда оңай болады. Бұған дейінгі тәртіпте тасымалдаушы мен белгілі бір көлік құралы арасында тікелей байланыс көрсетілмейтін. Осы олқылықтың кесірінен апатты жағдайларда кінәліні табу қиынға соғатын еді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Енді такси қызметін ұсынатындарға қойылатын талап күшейді. Ұлттық экономика министрлігі хабарлама беру қағидаларына өзгеріс енгізді. Жаңалық ведомствоның ресми сайтында жарияланды. Жұмысты бастамас бұрын әрбір тасымалдаушы жергілікті атқарушы органдарға алдын ала ескертуге міндетті. Жаңартылған үлгідегі парақшада көліктің маркасы міндетті түрде жазылады. Мемлекеттік тіркеу нөмірі мен темір тұлпардың шыққан жылы да нақты көрсетілуі тиіс.
Мұндай қадам жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап беретін адамды жедел табуға жол ашады. Министрлік бұл шешім нарықтағы заңсыз жұмыс істейтіндердің үлесін азайтады деп санайды.
Жаңа ереже автопаркті жаңарту кезінде де өте қолайлы. Тасымалдаушылар ескі көлікті ауыстырғанда немесе қосымша жаңасын қосқан жағдайда хабарламаға еш кедергісіз өзгертулер енгізе алады.