💰 Экономика

Заңсыз таксиді QR-код анықтайды

Қазақстанда халықаралық туризм қарқын алып келеді, бірақ елге келген шетелдік қонақтың алғашқы әсерін көбіне заңсыз такси жүргізушісі қалыптастырады. Осыған байланысты Үкімет заңсыз тасымалмен күресті күшейтіп, әуежайларға QR-код жүйесін енгізіп отыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.

Министрдің айтуынша, енді әуежайда QR-кодты сканерлеген кез келген турист сенімді такси қызметтерін, қонақүйлер, электронды сим-карталар мен көрікті жерлер туралы толық ақпарат ала алады.

«Заңсыз такси қызметтері – кең таралған проблема. Халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілді. Әкімдіктер бұл жұмысты тұрақты қадағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Қажет болса, заң бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту мүмкіндігін де қарастыру қажет»,  деді Ербол Мырзабосынов.

Министр тағы бір өткір мәселені көтерді  түнгі уақытта әуежай мен қала орталығы арасында қоғамдық көлік қатынасының жоқтығы.

«Ірі халықаралық қалалардағыдай, бізде де түнгі экспресс-маршруттарды іске қосу қажет. Бұл – туристерге қолайлы орта қалыптастырудағы маңызды қадам», деді ол.

Министр автотуристерге көрсетілетін қызмет деңгейіне де тоқталды. Кейбір аймақтарда полицияның көмегі ел туралы жағымды пікір қалыптастырса, кейде негізсіз тоқтату мен дөрекілік кері әсер етеді.

«Жамбыл облысында туристің жоғалған құжатын тауып берген жағдай бар. Орал мен Ұлытау облыстарында да көмек көрсетілді. Бірақ негізсіз тоқтату, дөрекі қатынас сияқты фактілер де кездесіп жатады. Мұндай жағдайлар елдің имиджіне зиян келтіреді»,  деп ескертті министр.

Мырзабосынов туризмді тек инфрақұрылыммен емес, халықтың мәдениетімен де дамыту қажеттігін баса айтты.

«Қонақжайлылық мәдениеті – туризмнің бір бөлігі. Түркия үлгісімен туристерге құрмет, әділетті баға, қауіпсіздік пен сыпайылықты қамтитын қарапайым ережелер жинағын жасап, тұрғындарға тарату ұсынылады», деді ол.

Барлық жаңалық