Танымал әнші әрі композитор Сейфуллин Жолбарыс жеке өмірі, балалары және шығармашылығы туралы сыр бөлісті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Өнер иесі Oilau YouTube арнасына берген сұхбатында бұрынғы жұбайымен ресми түрде ажырасқанын растады.
Әншінің айтуынша, заңды түрде айырылысқандарына үш жыл өтсе де, ортақ екі қызының болашағы үшін бұрынғы жұбайымен сыйластық қарым-қатынасты сақтап келеді. Оның сөзінше, балаларына қатысты маңызды сәттерде және отбасылық жиындарда бірге жүруге тырысады.
Сейфуллин Жолбарыс әке болудың үлкен жауапкершілік екенін айтып, балаларының өзіне мақтанышпен қарайтынын жеткізді. Сондай-ақ ұлының өнерге қызығушылығы ерте жастан қалыптасқанын атап өтті.
Өнер иесінің айтуынша, ұлы 10 жасынан бастап гитарада ойнап, бүгінде осы бағытта білім алып жүр. Кейде өз әндерін де жазатынын айтқан әнші оған бағыт-бағдар беріп, репертуар таңдауда кеңес беретінін, концерттерге бірге алып жүретінін жеткізді. Дегенмен шығармашылық жолды таңдаудың түпкілікті шешімі ұлының өзіне байланысты екенін айтты.
Сұхбат барысында әнші Қазақстандағы той-бизнестің шоу-бизнеске қарағанда табысты екенін де сөз етті. Оның пікірінше, қазақ халқының той жасау дәстүрі бұл саланың қарқынды дамуына ықпал етіп отыр.
«Көпшілік тойды тек артық шығын деп қабылдайды. Ал меніңше, той – ағайын-туысты бір дастарқан басына жинайтын маңызды дәстүр. Бүгінде тойханалардағы жарық, дыбыс және ұйымдастыру деңгейі де жоғарылаған. Сондықтан той-бизнес өз алдына үлкен индустрияға айналды», – деді Сейфуллин Жолбарыс.