Ыстанбұлда бірнеше жыл бойы жасырын жүрген қазақстандық әйел ұсталды. Ол үлкен көлемдегі ұрлық жасады деп күдікке ілінген, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты ҚР ІІМ деректеріне сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, 2021 жылғы желтоқсан мен 2022 жылғы маусым аралығында Астанадағы бір зергерлік дүкенде сатушы болып жұмыс істеген әйел жасырын түрде бағалы заттарды ұрлап, жалпы құны 156 миллион теңгеден астам затты өзімен ала шыққан. Кейін ол іздеуден жасырынуға тырысқан.Әйел халықаралық іздеуге жарияланған, бірақ бірнеше жыл бойы табылмай келген.
Алайда жақында ҚР ІІМ Ұлттық орталық бюросының Интерпол арқылы жолдаған өтініші бойынша, ол Ыстанбұлда қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды. Қазақстандық әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 4-бөлімі («Ұрлық») бойынша тергеуге алынған.
27 қарашада Түрік құқық қорғау органдарының көмегімен 33 жастағы қазақстандық елге экстрадицияланып, қамауға алынды.