Киев қаласының мэрі Виталий Кличко Ресейдің шабуылдарына байланысты тұрғындарға мүмкіндігінше Украина астанасынан уақытша кетуге кеңес берді. Бұл туралы ол France-Presse агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Кличконың айтуынша, қала «тірі қалу режиміне» көшіп жатыр. Бұған Ресейдің аса маңызды инфрақұрылым нысандарына жасаған соққылары салдарынан туындауы мүмкін ауқымды дағдарыс қаупі себеп.
8 қазанда күндіз және кешке Ресей әскері Киевтегі ірі энергетикалық нысандардың біріне шабуыл жасаған. Бұл туралы Украина энергетика министрі Денис Шмыгаль хабарлағанымен, нақты мәліметтерді жарияламады.
Шабуылдан кейін қалада электр энергиясын жеткізуде ауқымды іркілістер туындап, метро пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар «Киевводоканал» нысандарының электр қуатынан ажыратылуына байланысты кәріз жүйесі ағынды суларды уақытша қабылдай алмағаны хабарланды.
Кличконың айтуынша, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі тиімді жұмыс істемесе, қала қиын жағдайға тап болуы мүмкін.
Сонымен бірге мэр Киев тұрғындарын жаппай эвакуациялау туралы сөз болып жатпағанын атап өтті. Оның пікірінше, қаланың бос қалуы Ресей президенті Владимир Путин үшін ең тиімді сценарий болар еді.