Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы апат салдарынан үш адам көз жұмды деп жазды ozgeris.info сайты tengrinews.kz порталына сілтеп.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 24 наурызға қараған түні шамамен 03:30 кезінде болған. Zeekr маркалы электрокөлік жоғары жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан.
Апат нәтижесінде Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы (20 және 22 жастағы қыздар) оқиға орнында қаза тапты.
Zeekr көлігінің жүргізушісі аман қалған, қазіргі уақытта ол ауруханада полицияның бақылауында жатыр. Денсаулығы тұрақталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалады.
Полиция мәліметінше, барлық қатысушылар анықталған. Қазір іс бойынша бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттелуде, сондай-ақ жүргізушіге қатысты медициналық сараптама тағайындалған.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелді. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оқиға қоғамда кең талқыланып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары апатқа кінәлі тұлғаны жариялауды талап етуде.